«1077 азаматымыз шетелде түрмеде отыр» - Бас прокуратура

Сәуір 10, 2025 - 15:50
«1077 азаматымыз шетелде түрмеде отыр» - Бас прокуратура

Қазіргі кезде 1077 қазақстандық өзге елдерде түрмелерде отыр, басым бөлігі - Ресейде. Бейсенбі күні сенаттың пленарлық отырысында бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, 77 адам жазаны өз елінде өтеу туралы өтініш берген.

"Өкінішке қарай қазір 1077 қазақстандық өз жазаларын шетелде өтеп жатыр. (Жазаны өз елінде өтеу туралы) осы келісімшартта көзделгендей, жазасын өтеп жатқан біздің азаматтардың өзінің келісімі қажет. Қазіргі кезде бізде 77 осындай өтініш-хат бар. Біз сол өтініштерді қарастырып жатырмыз" деді депутаттардың сұрақтарына жауап берген бас прокурордың орынбасары.

Қаңтар айында Қойгелдиев өз кезегінде Қазақстанда 900 шетел азаматы жазасын өтеп жатқанын айтқан еді.

Ақпаратқа қарағанда, сенат қабылдаған "Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы тұтқындарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң тұтқынды тапсыру мәселелерін және одан бас тарту негіздерін реттейді. Заң бойынша, тұтқынды өз еліндегі түрмеге ауыстыру үшін оның келісімі керек және онда сол елдің азаматтығы болуы керек. Егер бөтен елге келтірген шығыны болса, ол өтелуі керек. Егер шешімді шығарушы тарап тұтқынды тапсыру оның егемендiгiне, қауiпсiздiгiне немесе қоғамдық тәртiпке нұқсан келтiруi мүмкiн деп есептесе немесе сотталған адам үкiм бойынша келтiрiлген залалды өтемеген болса, не үкiм шығарушы елде сотталған адамға қатысты тергеу аяқталмаған болса, тұтқын берілмеуі мүмкін.

Бұған дейін Азаттық Ирак астанасы Бағдаттағы "Русафа" түрмесінде 2017 жылдан бері қамауда отырған қазақстандық алты әйел туралы жазған еді. Әйелдердің сөзінше, не тергеу болмаған, не үшін сотталғандарын да білмейді. Білместікпен адасқанын айтып, өткен ісіне өкінген жас әйелдер Қазақстан билігінен көмек күтетінін айтқан. Азаттық "Алты әйелдің тағдырына Қазақстан араласа ала ма, оларды елге әкелу мүмкін бе?" деп Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сауал жолдаған еді. ҰҚК сыртқы істер министрлігіне сілтесе, министрлік "Иракта сотталған Қазақстан азаматтарының жағдайы тұрақты бақылауда екенін" мәлімдеген. 

Дереккөз: Азаттық радиосы

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow