Ақмола облысында перзентхана пациенттері шәйнектегі сумен жуынуға мәжбүр
Көкшетау перинаталдық орталығының гинекология бөлімінде жатқан пациенттер жеке гигиена үшін легендер мен шәйнектерді пайдалануға мәжбүр, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Отадан кейін немесе жүктілікті сақтау үшін жатқан әйелдер бұл бөлімде апталап жатады. Алайда душ кабиналары істемейді, сондықтан пациенттер санитарлық-гигиеналық талаптарға қайшы жағдайда – леген немесе қолжуғышта жуынып жүр..
«Мейірбикелер шашымызды легенде немесе тіпті палатадағы қолжуғышта жууды ұсынады. Бірақ қолжуғыш — адамдар беті-қолын жуатын, тіпті қақырынып-шақырынып жататын орын… Мұны қалыпты гигиена деп айту қиын», – дейді пациенттердің бірі.
Halyqstan-ның мәліметінше, бөлімде қызметкерлерге арналған душ бар, сондай-ақ сервис палаталарында да барлық жағдай жасалған: ыстық су, биде, душ. Пациенттер мәселе тұрмыстық қолайсыздықта емес, негізгі санитарлық нормалардың сақталмауында екенін айтады.
«Перинаталдық орталық ресми ақпаратын ұсынды. Видеодағы бөлме — гигиеналық процедураларға арналған санитарлық бөлме, бөлімде жұмыс істейтін санитарлық тораптар, биде, душы бар сервис палаталары бар, ыстық су үздіксіз беріледі, ал жалпыға арналған душ кабиналары жөндеуге жабылған. Мұндай бейненің пайда болуы пациенттердің жағдайға байланысты субъективті жағымсыздық сезінгенін көрсетеді. Бұл мәселенің формалды емес, нақты әрі объективті тексеруді қажет ететінін білдіреді. Осыған байланысты гинекология бөліміндегі жағдайға жоспардан тыс мониторинг жүргізіліп, санитарлық бөлмелердің шынайы жағдайы, жабдықталуы және пайдалану тәртібі бағаланады. Сонымен қатар, перинаталдық орталық басшылығына душ кабиналарын мүмкіндігінше қысқа мерзімде қалпына келтіру тапсырылды», – деп хабарлады Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы.
Пациенттер жарияланған ақпараттан кейін мәселе шешіліп, жағдай санитарлық нормаларға сай келетініне үміттенеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0