АҚШ Иранға келіссөздерді қайта бастау үшін бес шарт қойды

Мамыр 18, 2026 - 09:29
chat_bubble  0 visibility  1
АҚШ Иранға келіссөздерді қайта бастау үшін бес шарт қойды
Фото: depositphotos.com

Тегеран бейбіт келіссөздердің екінші кезеңіне қатысу үшін орындалуы тиіс 5 талабын жариялағаннан кейін, Вашингтон да өз тарапынан 5 шарт ұсынды. Бұл туралы ирандық Fars агенттігі хабарлады.

АҚШ қойған шарттардың қатарында: АҚШ тарапынан қандай да бір репарация немесе өтемақы төлеуден бас тарту; Ирандағы 400 келі уранды АҚШ-қа шығарып, тапсыру; Иранның ядролық нысандарының тек бір кешенінің ғана жұмысын сақтау; Бұғатталған ирандық активтердің тіпті 25 пайызын да босатудан бас тарту; Барлық бағыттағы әскери іс-қимылдарды тоқтату келіссөздердің өту барысымен байланыстырылады.

Жарияланымда айтылғандай, Тегеран аталған талаптардың барлығын орындаған күннің өзінде ислам республикасына қарсы агрессияны қайта бастау қаупі сақталады. Агенттік мәліметінше, осылайша АҚШ Иранның бес тармақтан тұратын бастамасына жауап берген.

Осы аптада Тегеран келіссөздерді қайта бастау үшін өзінің бес талабын жариялаған болатын.

Олардың қатарында: Барлық майдандағы соғысты тоқтату, әсіресе Ливанда;

Иранға қарсы санкцияларды алып тастау;

Иран қаражатын бұғаттан босату; 

Әскери әрекеттерден келген шығынды өтеу;

«Иранның Ормуз бұғазына қатысты егемендік құқығын мойындау. Бұл талаптардың жиынтығы келіссөздер процесіне қайта оралу үшін ең төменгі сенім қалыптастыру мақсатында ғана белгіленді. Тегеран бұл тармақтар іс жүзінде орындалмайынша, жаңа келіссөздерге қатысу мүмкін емес деп санайды», – делінген иран тарапының мәлімдемесінде.

Мамыр айының басында Иран АҚШ-қа 14 тармақтан тұратын бейбіт жоспар жолдап, әскери іс-қимылдарды тоқтатуды, шабуыл жасамау кепілдігін, теңіз блокадасын алып тастауды, активтерді бұғаттан босатуды және америкалық әскерді шығаруды талап еткен.

Tasnim агенттігінің мәліметінше, Тегеран негізгі мәселелерді 30 күн ішінде шешуді ұсынып, "уақытша бітімді ұзартуға" емес, "соғысты тоқтатуға" басымдық берген. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп Иран ұсыныстарын қабылдауға болмайды деп бағалады. Ал Тегеранда "АҚШ-тың өзін президент деп атайтын басшысының" реакциясы олар үшін "ешқандай маңызға ие емес" екені айтылды.

The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, негізгі келіспеушіліктер Иранның ядролық бағдарламасына қатысты болып отыр: Вашингтон ядролық инфрақұрылым мен уран қорына қатысты міндеттемелерді алдын ала бекітуді талап етсе, Тегеран бұл мәселені бөлек 30 күндік келіссөздерге қалдыруды ұсынады.

Қазір тараптар арасында сәуір айының басында жасалып, кейін АҚШ президенті мерзімсіз ұзартқан бітім күшінде. Соған қарамастан, мамыр айының басында тараптар бір-біріне соққы жасаған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0