АҚШ пен Ресей Украинаға қатысты құпия келісім жасасып жатыр

Қараша 20, 2025 - 10:49
Қараша 20, 2025 - 11:03
АҚШ пен Ресей Украинаға қатысты құпия келісім жасасып жатыр

АҚШ-тың Ресей мен Украина арасындағы соғысты аяқтауды көздейтін жоспары Киевке жерінің біраз бөлігінен және қару-жарақ түрлерінен бас тартуға көнуді ұсынады. Мұндай ақпаратты дереккөздеріне сүйеніп Reuters агенттігі хабарлады.

Бұған қоса Украина қарулы күштерінің санын қысқарту да бар. Reuters дереккөздерінің мәліметінше, Вашингтон бұл жоспардың негізгі талаптарын Киевтің қабыл алғанын қалайды.

Жоспардың кейбір жайтын Financial Times басылымының журналисі Кристофер Миллер де дереккөздерге сүйеніп хабарлады. Оның сөзінше, ұсыныстар арасында Украина армиясын екі есеге қысқартсын және Киев Донбасстан бас тартсын деген талаптар бар. Мұндай жоспар Украина президенті Владимир Зеленскийге ұнап отырған жоқ деп жазды Миллер.

Бұған дейін Axios басылымы Вашингтон мен Мәскеу өкілдері соғысты аяқтаудың жаңа жоспарына байланысты жасырын кеңесіп жатыр деп хабарлаған еді. 28 тармақтан тұратын жоспардың пайда болуына АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа секторында бейбітшілік орнатуға бағытталған және ішінара жүзеге асқан бастамасы шабыт берген деп жазды Axios.

Басылым дерегінше, АҚШ президентінің арнаулы өкілі Стив Уиткофф бұл жоспарды Кремль өкілі Кирилл Дмитриевпен және Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі жетекшісі Рүстем Умеровпен талқылаған.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова сәрсенбі күні АҚШ-тан ресми арналар арқылы қандай да бір келісім жайлы ешқандай ұсыныс түскен емес мәлімдеді.

Wall Street Journal мен Politico басылымдарының жазуынша, президент Трамп Ресей Украинаға қарсы ашқан соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге жаңа серпін беру үшін Киевке Пентагонның жоғары деңгейдегі өкілдерінен тұратын делегация жіберген.

БАҚ деректеріне қарағанда, АҚШ армиясының министрі Дэн Дрисколл және армия штабының бастығы Рэнди Джордж Украина басшылығымен, соның ішінде президент Владимир Зеленскиймен кездеспек.

Киевтен соң Дрисколл Ресей өкілдерімен де кездеседі, бірақ оның орны мен уақыты әзірге белгісіз деп жазған басылым. Ақ үй мен Пентагон мұндай сапар болатынын әзірге ресми түрде растаған жоқ.

Дереккөз: Азаттық радиосы

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow