Ақтөбедегі жол апаты: Қаза тапқандардың арасында балалар да бар

Ақтөбе облысында Самара – Шымкент тасжолында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі бала көз жұмды, деп хабарлайды sadaq.kz.
Тағы бір бала жансақтау бөлімінде жатыр.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, сағат 15:30-дегі жағдай бойынша Хромтау аудандық ауруханасында 6 адам ем қабылдап жатыр. Оның біреуі - 2009 жылы туған бала.
"Науқастардың төртеуі жансақтау бөлімінде, екеуі палатада жатыр. Облыс орталығынан екі бригада жіберілді. Олардың қатарында реаниматолог, травматолог, хирург және нейрохирург бар. Ем-дом кезінде ота жасалды. Барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрі-дәрмек пен қан жеткілікті. Ауруханаға жеткізіліп, кейін үйіне жіберілген адамның бірі қайта жатқызылды. Ол дәрігерлердің бақылауында болады", - деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Оқиға орнына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров барып, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты.
"Оқиға орнына өзім келіп, қарап шықтым. Жанымызға бататын ауыр қаза. Тума-туыс, жақындарға көңіл айтамыз. Біз үшін бұл өте ауыр жағдай. Таңғы сағат 08:00 шамасында болған оқиғадан кейін барлық мемлекеттік органдар өз жұмысын атқарып жатыр. Біздің тарапымыздан жан-жақты көмек ұйымдастырылды. Барлық жағдай менің бақылауымда болады", - деді өңір басшысы.
Сіздің реакцияңыз қандай?






