Журналист Ораз Әлімбек өзінің Facebook парақшасында Шымкент қаласындағы сотта болған жағдай туралы баяндады, - деп хабарлайды sadaq.kz.
"Шымкенттегі мистика. Сот залында алқа билерді дуалап тастауға бола ма?
Шымкентте ҰҚҚ қалалық департамент басшысының бұрынғы орынбасары М.Сарбасовқа қарсы сот басталғаны белгілі. Ол "Риана" жекеменшік мектебінің директоры Эльмира Дүйсенқызының арызы бойынша айыпталған. Сот алқа билердің қатысуымен ашық өтіп жатыр. Кеше мен де сотқа тыңдаушы болып қатыстым. Ал 24-25 шілде күні сотқа тыңдаушы ретінде бір дуагер (колдун) келіпті. Ол алқа билерге қарсы жаққа отырып алып, ауызы-мұрнын қисайтып әртүрлі әрекет жасапты. 25 шілде күні саусағын мұрнына тығып, тырнағына ілінген бірдеңені алқа билерге қарай шертіпті. Әбден ызаланған алқа билер үзіліс кезінде әлгі дуагерді сот залынан шығарып жіберу жөнінде судьяға талап қойған. Өйтпесе, сот залына кірмейтінін, дуаланып қалудан қорқатынын айтқан. Судья дуагермен сөйлесіп, оның тыңдаушы ретінде сотқа қатысуға хақы барын, бірақ алқа билердің талабын орындамаса болмайтынын айтып, оны сот залынан әуппіріммен шығарған.
Қазір сотқа қатысушылар әлгі дуагерді кім жалдағанын түсінбей дал болып отыр.
Мен дуагердің судья айтқан аты-жөні бойынша интернет қойнауынан бір адамды таптым. Ол бұрын футбол төрешісі болған екен. Соның суретін соттағы басқа тыңдаушыларға көрсеттім. Кейбірі "дәл өзі" деді, кейбірі "қатты ұқсайды" деді. Дегенмен, мен тапқан жігіт интернетке эзотерикалық, балгерлік, дуалау немесе дуадан айықтыру жөнінде жарнама бермепті.
Мен дуалау мәселесі бойынша қала тұрғындарымен де сөйлестім. Сөйтсем, Шымкентте эзотерикалық түсінік, мистика "ұрып" тұр екен. Кейбір мектеп директорлары қарамағындағы мұғалімдерді өзіне сендіріп, құлақкесті құлша бағындырып тастау үшін суреттерін дуагерге апарып "оқытып", дуалайды екен. Сондықтан кейбір мұғалімдер директормен бірге ұжымдық фотоға түсуден сақтанып, қашқақтап жүруді әдетке айналдырған. Тіпті қарсыласты дуалап жарыста жеңіп шығу спортта да, футболда да қолданылады дегенде көзім "банка" болды. "Не шықса да Шымкенттен шығады" деген қыршаңқы сөз ойыма оралып, көңілім кілдей бұзылды - өйткені мен де шымкентскиймін ғой...
Эх, біз қашан эзотерикалық ой-санадан арылып, рацио-ақылымызды іске қосып, бәріне сынмен қарауды үйренеміз?", - деп жазды ол.