Алматыда жаңа туған нәрестелерді сатқан топ ұсталды

Желтоқсан 12, 2025 - 10:48
 0  1
Алматыда жаңа туған нәрестелерді сатқан топ ұсталды

Қазақстан полициясы ел аумағындағы адам шошырлық қылмыстық схемалардың бетін ашты. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қылмыстық топтар әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар мен кәмелетке толмағандарды нысанаға алып, заңсыз әрекеттер жасаған. Нақты айтар болсақ, арнайы рейд барысында адам саудасына қатысты 39 факті анықталған. Ал оның алтауы тікелей балаларға қатысты болып отыр.

Алматыдағы сәби саудасы

Оңтүстік астанада жаңа туған нәрестелерді сатумен айналысқан тұтас қылмыстық топтың жолы кесілді. Тергеу мәліметтері бойынша, ұйымдастырушылар жас босанған аналардың ауыр тұрмыстық жағдайын пайдаланған.

Олар шарасыз күйдегі әйелдерге ақша ұсынып, сәбилерін сатып алуды кәсіпке айналдырған.

Қазіргі уақытта күдіктілердің барлығы қамауға алынды. Полиция 20-дан астам қылмыстық істі тергеп жатыр. Кінәлі деп танылғандар мүлкі тәркіленіп, 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Түнгі тексеріс және жасырын притондар
Полиция тек сәби саудасымен шектелмей, еңбек құлдығы мен жезөкшелік деректерін де ашты. Мәселен, Абай облысында адамдарды заңсыз қанап, жұмысқа жеккен 11 қылмыстық іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.

Ал Шымкент қаласы мен Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарына жаппай рейд жүргізілді. Нәтижесінде, кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекеттерге тарту фактілері әшкере болды.

Елорда тұрғындарына жақсы таныс ескі вокзал маңындағы Гете көшесі де назардан тыс қалмады. Астаналық полицейлер прокурорлармен бірлесіп, ол жерден притон ұйымдастырған 8 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартты.

«Рухани орталық» па, әлде секта ма?
Ақмола облысында өзін «рухани орталық» деп атаған күмәнді топтың жұмысы тоқтатылды. Олар деструктивті, яғни қоғамға жат идеяларды насихаттаумен айналысқан.

Тінту барысында күдікті әдебиеттер мен түрлі атрибуттар тәркіленіп, сараптама тағайындалды. Тергеу жалғасуда.

Сонымен қатар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында «элиталық эскорт» желісін құрғандар ұсталды. Олар түнгі клубтар мен барларда жүрген жас қыздарды «вербовка» жасап, жеңгетайлықпен айналысқан. Бұл істер қазір сот қарауына жіберілді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0