Димаштың Алматыда өтетін тегін премьерасы: Билетсіз қалған мыңдаған жанкүйер енді не істемек?

Ақпан 2, 2026 - 11:13
Ақпан 2, 2026 - 12:55
 0  3
Димаштың Алматыда өтетін тегін премьерасы: Билетсіз қалған мыңдаған жанкүйер енді не істемек?

Димаш Құдайбергеннің «Voice Beyond Horizon» жобасының офлайн көрсетіліміне арналған билеттер ресми түрде тегін таратылды, деп хабарлайды Sadaq.kz. Әнші өз жанкүйерлеріне ерекше сый жасап, 5 ақпан күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтетін кешке кіру билеттерін тегін таратқан болатын. Алайда әншінің жанкүйерлеріне жасаған бұл ақжарма сыйы дүрбелең туғызып, «Ticketon» сайтындағы орындар таусылып қалды.

Билет алып үлгермегендердің көптігін пайдаланған алыпсатарлар әлеуметтік желілерде белсенділік танытуда. Бастапқыда тегін берілген билеттерді қазір ақшаға саудалау әрекеттері байқалуда. Алаяқтар Instagram пікірлерінде билет сұраған жанкүйерлерге «жеке хатқа (ЛС) жазыңыз» деп, тегін дүниені пайда көзіне айналдыруға көшкен. Көрермендерге сақ болуды және тегін билеттерді қолдан сатып алмауды ескертеміз.

Айта кететіні, бұл жоба Димаш үшін ерекше маңызға ие, өйткені осыдан 9 жыл бұрын «Singer» жобасы оның әлемдік сахнаға шығуына жол ашқан болатын. Енді әнші сол Hunan TV арнасымен бірлесе отырып, жаңа есімдердің танылуына мүмкіндік бергісі келеді. 22 күнге созылған түсірілім барысында халықаралық топ Қазақстанның 7 мың шақырымын артқа тастап, Түркістан, Бозжыра, Каспий, Қайыңды, Көбейтұз және Бурабай секілді інжу-маржандарды аралап өтті. Халықаралық шоуға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген сегіз вокалист қатысады.

Фото: dimashnews.com

Офлайн көрсетілім 5 ақпанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында сағат 19:00-де басталады, ал көрермендерді қабылдау сағат 17:00-ден басталмақ.

Офлайн кешке билеті жоқ жанкүйерлер шоуды тікелей эфирде тамашалай алады. Қазақстанда жобаның ресми көрсетілімі «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында өтеді. Ал халықаралық аудитория үшін премьера Қытайдың Hunan TV телеарнасы мен Mango TV цифрлық платформасында қолжетімді болады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0