Әнші Рүстем Жүгінісовтің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Қыркүйек 12, 2025 - 16:01
Әнші Рүстем Жүгінісовтің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Әнші Рүстем Жүгінісов сотқа тартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астанадағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі соттың кестесінде әнші Рүстем Жүгінісовтің (Мирас Жүгінісовтің ағасы) ісі пайда болды.

Сотта тамыз айынан бері әкімшілік іс қаралып келе жатқаны белгілі болды. Сот құжаттарына сәйкес, әнші Әкімшілік кодекстің 453-бабының 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылған. Бұл бап Қазақстан аумағында конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге, елдің тұтастығын бұзуға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысқа, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни алауыздықты қоздыруға, экстремизм мен терроризмді насихаттауға бағытталған материалдарды таратуға қатысты.

Аталған құқықбұзушылық үшін жеке тұлғаларға 20 АЕК (78 640 теңге) айыппұл салу қарастырылған.

Әншінің қай сөзі іс қозғауға негіз болғаны әзірге белгісіз. Бұл туралы соттан нақтылау сұралды.

Алайда болжам бойынша, іс Ақтөбедегі мешітте болған оқиғаға әншінің реакциясына байланысты болуы мүмкін. Бұған дейін әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланып, онда ер адам қызға «бір реттік никях» ұсынып, шын мәнінде интимдік қатынасқа шақырғаны көрсетілген.

Жүгінісов сол кезде қызды арандатушылық жасады деп айыптап, былай деген:

"Қыздар, мұндай жағдайға себеп бермеңіздер. Жалғыз жүрмеңіздер. Әйел үшін мешіт – ол үйі. Намазды үйде оқыңыздар. Намаздан кейін кешкісін қыдырмаңыздар. Мүмкін, өз мінез-құлқыңызбен ер іздеп жүргендей әсер қалдырып жатқан шығарсыздар", – деген еді ол.

Сонымен қатар әнші қыздың мешітке жалғыз емес, әкесінің не бауырының еріп баруы керектігін де айтқан.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow