«Ар-намысты қорғау»: Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелінің адвокаты мәлімдеме жасады
Тұрсынбек Қабатовтың екінші жары Айманның мүддесін қорғайтын адвокат әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады. Бұл туралы ол ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау бойынша сотта қаралып жатқан іс аясында жариялады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Адвокаттың сөзінше, сот тәртібімен ар-намыс, қадір-қасиет пен іскерлік беделді қорғауға қатысты істер қаралуда. Сондай-ақ интернет кеңістігінде шындыққа жанаспайтын әрі қорлайтын мәлімет таратқан тұлғаларды жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда аталған істер бойынша үш іс оң нәтижемен аяқталған. Үш адам Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Азаматтық істер аясында моральдық зиян үшін ақшалай өтемақы өндіріліп, талап-арыздар ҚР Азаматтық кодексінің 143-бабы негізінде қанағаттандырылған. Бұдан бөлек, тағы бес іс әкімшілік және азаматтық өндіріс шеңберінде сотта қаралу сатысында тұр.
Сонымен қатар адвокат анонимді немесе жалған аккаунттар арқылы жарияланған ақпараттар бойынша да автордың жеке басын сот талқылауы барысында арнайы сұрау салулар арқылы (тіркеу және техникалық деректер негізінде) анықтауға болатынын атап өтті.
Қорғаушының айтуынша, пікір білдіру еркіндігі жалған ақпарат таратуға, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлауға және көпшілік алдында тіл тигізуге жол бермейді. Мұндай әрекеттер үшін заңнамада әкімшілік және азаматтық-құқықтық жауапкершілік, моральдық зиянды өтеу, сот шығындарын өндіру және жалған мәліметті теріске шығару міндеті қарастырылған.
Сондай-ақ адвокат ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау ісі бойынша жұмыстың әлі де жалғасып жатқанын жеткізді.
Құжаттар, дәлелдер мен хат-хабарлар тіркеліп, іс материалдарына қоса берілуде. Осыған байланысты жалған ақпарат немесе негізсіз пікірлер жарияланғанына куә болған азаматтардан оларды құқықтық бағалау үшін жолдауды сұрады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0