Астанада Тоқаевтың бұрынғы кеңесшісі Ержан Бабақұмаровты өлтіріп кетті
Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаров кісі қолынан көз жұмды деген ақпарат тарады, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.
Telegram желісіндегі egov.press арнасының жазуынша, оны өткен түнде біреулер соққыға жыққан.
Қайғылы оқиға 29-ынан 30 қазанға қараған түні Астанада болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Ержан Бабақұмаров кешті достарымен бірге өткізген. Жиналғандар арасында кикілжің туып, ол төбелеске ұласқан. Бабақұмаров алған жарақатының салдарынан қайтыс болды.
Порлиция бұл ақпаратты растады.
Бұл іске қатысты күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды деп хабарланды.
“Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала тергеулер бұрын таныс адамдар арасындағы ауызша даудың физикалық төбелеске ұласқанын көрсетеді. 56 жастағы ер адам алған жарақаттарынан қайтыс болды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр”, – делінген хабарламада.
Ержан Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда Талдықорған облысында дүниеге келген. Саясаттану ғылымдарының докторы.
1996 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары және ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, жауапты хатшы және мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметтерін атқарды. Ол Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры, Мемлекет басшысының кеңесшісі - Президент Әкімшілігінің Талдау және болжау орталығының басшысы қызметтерін атқарды.
Сіздің реакцияңыз қандай?