Астанадағы автобус апаты: Жеңіс Қасымбек аяғынан айырылған қыздың отбасына не үшін бармағанын айтты

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек автобус апаты салдарынан екі аяғынан айырылған мектеп оқушысының отбасына қандай көмек көрсетілетінін айтып, өз басымен не себепті бармағанын түсіндірді, деп хабарлайды sadaq.kz.
Оның сөзінше, оқиға болған сәттен бастап зардап шеккен қыздың отбасы әкімдік назарында. Бұл отбасыға әкімнің орынбасарлары бірнеше рет барып, жағдайларын бақылауда ұстап отыр. Сонымен қатар, балалар омбудсмені де отбасыға арнайы жолыққан.
«Менің орынбасарым кеше де, бүгін де сол отбасыда болды. Жалғыз мен бармадым деп, әкімдік бұл мәселені назардан тыс қалдырды деуге болмайды. Қаржылай көмек ретінде сақтандыру төлемі 20 миллион теңгеге жуық. Бұған қосымша әкімдік тарапынан 10 миллион теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Ең бастысы — біз бұл отбасыға баспана мәселесін шешіп беруді мойнымызға аламыз. Бұл — ресми уәде», — деді қала әкімі.
Әкім өз тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін айтып, отбасының қазіргі жағдайын ескеріп әрекет етіп жатқанын атап өтті.
Сіздің реакцияңыз қандай?






