Атыраудағы алай-дүлей: Қасбеттер құлап, шатырлар ұшып, аудандар жарықсыз қалды
Атырауда қатты жел мен көктайғақ салдарынан төтенше жағдай болып, қалада электр энергиясы өшіп, тұрғын үйлердің кейбір бөліктерінің қирап, автокөліктердің зақымданды, деп жазады sadaq.kz.
Нұрсая шағынауданында үйлердің бірінің қасбетінің бір бөлігі салмаққа шыдамай, кірпіштері аулаға құлаған. Абырой болғанда, сол сәтте маңайда ешкім болмаған.
Алмагүл ықшамауданында қатты жел металл шатырды жұлып әкетіп, ол тұрақта тұрған Hyundai Elantra көлігінің үстіне құлаған. Оқиға орнына жедел қызмет өкілдері барды. Көлік иесі бұл жағдайдың таңертең болғанын растады.
Сондай-ақ қаланың әртүрлі аудандарында тұрғындар үзілген электр желілерін байқаған. Сымдар тротуарлар мен жол үстінде салбырап тұрған, кейбір ықшамаудандарда жарық мүлде өшкен.
"Атырау Жарық" ЖШС өкілдері апаттық ажыратулар қар аралас жаңбыр мен қатты желдің салдарынан болғанын түсіндірді.
"Электр қуатын қалпына келтіру және ұзаққа созылатын үзілістерге жол бермеу үшін күшейтілген режимде жұмыс істеп жатырмыз", – деп хабарлады мекемеде.
Қала тұрғындарына сақ болу, көліктерді үйлердің маңына қоймау және үзілген сымдарға жақындамау ұсынылады.
Атырау облысы әкімдігінің мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар мен аудандық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшіріліп, жағдайға тәулік бойы мониторинг жүргізілуде. Сол үшін жедел штаб құрылды.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылғы 14 желтоқсанда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының келесі учаскелерінде жүк көліктерінің, қоғамдық көліктің және барлық автокөлік түрлерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді:
Атырау – Орал;
Атырау – Ақтөбе;
Атырау – Доссор – Бейнеу.
Атырау облысының Полиция департаменті жүргізушілерді алыс сапарлардан бас тартуға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және ауа райы жақсарғанға дейін енгізілген уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауға шақырады.
Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға мүмкіндігінше үйде болуды, терезе мен есіктерді мықтап жабуды, балкондар мен аулалардағы бос заттарды алып тастауды ұсынады. Сондай-ақ ағаштардың, электр желілерінің, жарнамалық құрылымдардың және нашар бекітілген нысандардың маңында жүрмеуге кеңес береді. Көліктерді ағаштардың астына және жарық бағандарының жанына қоюға болмайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0