Атыраудағы шенділер төбелесі: Тың дерек шықты
Желіде Атырауда прокуратура мен мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлері арасында төбелес болғаны туралы ақпарат пайда болды. Бұл оқиғаға қатысты Бас көлік прокуратурасы мен полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды sadaq.kz.
Telegram арналардың бірінде 28 қаңтарда Атыраудағы мекемелердің бірінде мемлекеттік қызметкерлер – мас күйде болған көлік прокуратурасының қызметкерлері мен Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшылығы арасында жанжал туындағаны туралы ақпарат тарады.
«Түн ортасы шамасында мас күйде туындаған ұрыс соңы төбелеске ұласып, төбелес барысында МКД басшысының орынбасары басынан соққы алды. Зардап шегуші облыстық ауруханаға жеткізілді, дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр — ер адам комаға түскен», — делінген жазбада.
Бұл оқиғаға қатысты Бас көлік прокуратурасы түсініктеме берді.
«Атырау облысы бойынша полиция департаменті мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерінің дене жарақатын алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Барлық мән-жайды, оның ішінде прокуратура қызметкерлерінің қатысты болуына қатысты деректерді анықтау мақсатында Бас көлік прокуратурасы қызметтік тексеру жүргізіп жатыр», — деп хабарлады мекеменің баспасөз қызметі.
Атырау облысының полиция департаменті төбелес болғанын растады.
«Аталған факті бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексі 106-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етілмейді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сіздің реакцияңыз қандай?