«Балаларға брекет тегін салынады»: Медициналық сақтандыру қоры пікір білдірді
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) әлеуметтік желілерде балаларға брекет пен импланттарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) есебінен орнату жөніндегі пилоттық жоба туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат тарап жүргенін хабарлады. Қордың мәлімдеуінше, мұндай жобалар қалалар мен өңірлерде іске қосылған емес, деп жазады Sadaq.kz.
ӘМСҚ балаларға шынымен де шұғыл және жоспарлы түрде көрсетілетін бірқатар стоматологиялық қызметтер, соның ішінде ортодонтиялық көмек қолжетімді екенін еске салды.
«Айта кетейік, МӘМС жүйесінде халықтың белгілі бір санатына стоматологиялық көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, балаларға шұғыл да, жоспарлы да стоматологиялық қызметтер қолжетімді. Оған кариес пен пульпитті емдеу, өзек арналарының пломбаларын алу, тістерді жұлу, периодонтитті емдеу, абсцестерді ашу, пластикалық операциялар, пародонт қалталарына санация жасау, сондай-ақ профилактикалық шаралар (фиссураларды герметизациялау, реминерализация, миотерапия және т.б.) кіреді. Сонымен қатар, МӘМС аясында балаларға ортодонтиялық көмек те қарастырылған: туабітті жақ-бет ауытқулары бар балаларға және аз қамтылған отбасылардың балаларында тіс-жақ аномалиялары болған жағдайда», – деп түсіндірді Қордың баспасөз қызметі.
Қордың нақтылауынша, қызметтер тізіміне ортодонттың консультациясы, жақ-бет аймағының туабітті патологиясы бар балаларға ортодонтиялық аппараттарды қолдану арқылы көмек көрсету, кешенді тексеру, тістерді егеу және ортопантомография кіреді.
Туабітті және жүре пайда болған жақ-бет деформациялары бар балаларға медициналық көмек маманның нұсқауы бойынша амбулаториялық жағдайда немесе жақ-бет хирургының қабылдауында көрсетіледі. Мұның барлығы МӘМС шеңберінде ұсынылады.
Жоспарлы түрде стоматологиялық көмекті балалар мен жүкті әйелдер ала алады.
Шұғыл тәртіпте көмек балаларға, жүкті әйелдерге, зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушыларға, әлеуметтік маңызы бар аурулары бар пациенттерге, жұмыс істемейтін, мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын тұлғаларға, сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көпбалалы аналарға көрсетіледі.
Шұғыл жағдай болып саналатынын клиникалық бағалау негізінде тіс дәрігері шешеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0