Батыс Қазақстанда су мұнарасы құлады

Желтоқсан 15, 2025 - 09:47
 0  2
Батыс Қазақстанда су мұнарасы құлады
фото: видеодан скриншот

Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында су мұнарасының құлағаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.

Бөкей ордасы ауданы әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, 13 желтоқсан күнгі сағат 20.00-ден бастап ауа райының қолайсыздығы мен қатты желдің салдарынан электрмен қамтуда үзілістер болды.

 — Сондай-ақ Сайқын ауылында су айдайтын қосымша мұнара (резерв ретінде пайдаланылады) құлап, істен шықты. Бұл тұрғындарға су беруге кедергі келтірген жоқ, себебі негізгі мұнара толық көлемде жұмыс жасап тұрды. Желдің салдарынан жарық сымдарының үзілуіне байланысты су беру қысқа уақытқа тоқтатылды. Бірақ та ақау жойылғаннан кейін негізгі мұнара арқылы тұрғындарға су беру штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр, — делінген ресми мәліметте.

Жексенбі күні сағат 07.00-18.00 аралығында аудан бойынша Билайн, Актив, Теле2, Алтел және «Казақтелеком» мобильді байланыс операторларының ұялы байланысы болмады.

— Сонымен қатар 13 желтоқсанда шамамен сағат 21.00-де үйінен шығып, осы уақытқа дейін оралмаған 25 жастағы Елтай Қажығалиев жоғалып кетті. Оны іздестіруге Бөкей ордасы ауданы ТЖ күштері (7 адам, 2 техника), «Орда» шекара заставасы (8 адам, 2 техника), аудандық полиция бөлімі (17 адам мен 5 техника), жергілікті атқарушы органнан 43 адам мен 13 техника жұмылдырылды. Оған қоса «Орда» шекара заставасының 2 іздеу иті де тартылды, — деп хабарлады Бөкей ордасы ауданы әкімдігінен.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0