Биыл елімізде диқаншыларға 750 миллиард теңге бөлінеді
Қазақстанда көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қолдау мақсатында диқандар үшін арнайы “Кең дала 2” несиелеу бағдарламасы іске асып жатыр, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Мұны Үкімет отырысында “Бәйтерек” ұлттық холдингінің төрағасы Рүстем Қарағойшин мәлімдеді.
Оның айтуынша, Аграрлық несие корпорациясы қаржыландырудың қолжетімді болуын арттыру мақсатында несие беру мерзімін 36 айға дейін ұзартқан. Бұл фермерлерге құжаттардың толық пакетін тапсырмай-ақ қайта несие алуға мүмкіндік береді.
“Шаруаларға ыңғайлы болу үшін кредиттік өтінімдерді онлайн қабылдау жүйесі іске қосылды. Биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына арналған жеңілдетілген несиеге өтінімдер 2025 жылдың қазан айынан бастап қабылданды. Қараша-желтоқсан айларында ерте қаржыландыру аясында 148 миллиард теңге бөлінсе, қазір берілген несиенің жалпы көлемі 534 миллиард теңгеден асты. Нәтижесінде 4,2 мың ауыл шаруашылығы кәсіпкері жеңілдетілген несие алып, 6,4 миллиард гектардан астам егіс алқабы қамтылған”, – деді Қарағойшин.
Сонымен қатар холдинг төрағасы, биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінетін қаржы көлеміне де тоқталды.
“Биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кемінде 750 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл шамамен 9 мың ауыл шаруашылығы кәсіпкерін қамтып, 9 миллион гектар жерді игеруге мүмкіндік береді”, – деді Қарағойшин.
Холдинг мәліметінше, 2023 жылмен салыстырғанда көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемі бес есе артқан. Ол кезде бұл мақсатқа 141 миллиард теңге бөлінген еді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0