Биыл шәкіртақы тағы 2 есе өсетін болды
2025 жылы ЖОО және колледж студенттері үшін стипендия 2 есе, магистранттар мен докторанттар үшін 1,75 есе артады.
Бұл туралы Жоғары білім және ғылым министрлігі хабарлады.
«1 қыркүйектен бастап бакалавриат студенттеріне стипендия 52 372 теңгеге дейін, ал педагогикалық және медициналық бағыттардағы білім алушыларға – 84 000 теңгеге дейін, магистранттарға – 117 098 теңгеге, докторанттарға – 262 500 теңгеге дейін өседі. Интернатурада оқитын студенттерге стипендия – 94 862 теңге, ал резидентурада – 134 664 теңге көлемінде төленетін болады»,—делінген хабарламада.
Емтихан сессиясын «өте жақсы» тапсырған жағдайда студенттердің жоғары стипендия алу мүмкіндігі сақталады.
Мемлекеттік стипендиядан басқа, жоғары оқу орнының Ғылыми кеңесінің шешімі бойынша 104 744 теңге мөлшерінде тағайындалатын оқуда ерекшеленген студенттерге, олимпиадалардың, шығармашылық конкурстардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздарына арналған президенттік стипендия бар.
Президенттік стипендияны 3-оқу жылынан бастап студенттер және 2-оқу жылынан бастап магистранттар ала алады. Мұндай стипендияға бюджеттік негізде оқитын студенттер де, ақылы негізде оқитындар да құқылы.
Сіздің реакцияңыз қандай?