«Бишімбаев кейсі қоғамдық пікірді пәрелеп сатып алуға болатынын, ақша үшін адвокаттардың арланбайтынын көрсетті» - журналист
Оның чекист болған атасы Қозыке Бишімбаевич 1947 жылы Түлкібас жақтағы Жаскешуде жиырма адамды жер аударыпты.
Қалайы ҚАЙРАТкер
«…Ер адам тұрмақ, аң екеш аңдар да ұрғашысына мүйіз я болмаса тұяғын көтермейді. Ал, біз бәріміз аң емес, адамзаттың ұлы — адамбыз, сондықтан, ер адам әйел затына қол көтеріп, қол жұмсауға тиіс емес, әуелі еш правосы жоқ. Міне, қысқаша айтқанда, осындай түсінікпен, әйел затына ер болып өз қолұшымды беріп, көмектесу үшін барғаным рас,» - деп жазған Желтоқсанның батыры — Қайрат Рысқұлбеков.
Әйел затына айуандықпен қол көтеріп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегені үшін бір милицияны ұрып-соққанын Қайрат батыр еркекше мойындайды. Егер тағы қайталанса қарап тұрмас едім, милиция тұрмақ кім болса да деп жауап берген сотта. Сонда Қайрат әйел затының ары үшін арпалысқан. Ал министр болған «қайраткеріміз» қарақан басын сауғалап әлек. Болотадағы Бишімбаев тыпырлаған сайын төменге түсіп барады.
Түсінем, өзгенің қателігін жазғырған - оңай, өз қателігіңді мойындау - қиын. Қайткен күнде де МОЙЫНДАУ мықты ердің, Қайраттай қайратты ердің қолынан келеді, былқылдақ қалайы қайраткердің қолынан келмейтініне көз жетті. Тазша бала құсап мың қырық өтіріктен құрақ жамаудың не керегі бар еді?! Камерада қалай ұрды, VIP залдағы қалтарыста да мес қып ұрып өлтірді. Басқаша Happy end жасау мүмкін емес, өйткені Салтанат жоқ. Құдай есіркесін, ҚОРҒАНСЫЗ Салтанатты аядым, рухы шат болсын! Салтанаттың түбіне жететін Тастандар әлі де бар, өкінішке орай.
«Мұқым елдің алдында масқара болу үшін Биш не жазды екен Құдайға?»
Мұндай сұрақ Сізді де мазалаған болуы мүмкін. Дәл осылай шімірікпейтін қарабет, сүйекке таңба болудан кейін қанша жыл арқалағаның, жер басып жүргенің маңызды емес сияқты. Сүйек демекші, оның чекист болған атасы Қозыке Бишімбаевич 1947 жылы Түлкібас жақтағы Жаскешуде жиырма адамды жер аударыпты. Итжеккенге айдалғандардың біреуі ғана тірі оралыпты деседі. Соның қарғысы шығар дегенді естідім. «Бишімбаевтың әкесі, академик, лауреат, еңбек сіңірген қайраткер, ректор, Назарбаевтың досы Уәлихан Бишімбаевты кінәлаймын. Ол мемлекет қаржысын тонаушы ұрыны тәрбиелеп, өсірді,» - депті ғой Мұхтар Тайжан. Қисыны бар, әкесі ғана емес Бишімбаевты әбден есірткен әрбіріміз кінәліміз. Полковниктің, ректордың, министрдің сансарасы жалғыз тұяққа тиген шығар деп топшыладым. Өзімен кетсін, АЛАС.
UPD: «Ырыс баққан, дау бақпас» деген кеппен ештеңе жазғым да келмеген. Қоғамның манипуляцияға түспей мизогиниялық менталитеттен арылуына сеп болатын сұмдық оқиға болған соң көп әріп тердім. Қуандық Бишімбаев кейсі қоғамдық пікірді пәрелеп сатып алуға болатынын, ақша үшін адвокаттардың аярлықтан арланбайтынын, еркектің ез болғанын анық көрсетті. «Көрмедім, естімедім, айтпадым» дейтін «Үш маймыл» тәмсілі, мал құлағы саңырау деп отыратын жәйт бөлек болады. Мұндайда қоғам қалғымауы керек.
Журналист Дәурен Дариябектің Facebook пaрaқшaсынан
Сіздің реакцияңыз қандай?