«Украина бізге титтей де алғыс айтқан жоқ»: Дональд Трамп Ресей-Украина қақтығысына қатысты пікір білдірді

Қараша 24, 2025 - 11:25
Қараша 24, 2025 - 11:28
«Украина бізге титтей де алғыс айтқан жоқ»: Дональд Трамп Ресей-Украина қақтығысына қатысты пікір білдірді
Фото: Gettyimages.ru

Женевадағы келіссөздердің қызған шағында АҚШ Президенти Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты кезекті рет пікір білдіріп, Киев билігі мен Еуропа елдерін сынға алды, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Киев АҚШ-тың қолдауы үшін «алғыс айтпады» деп мәлімдеп, Еуропа елдерін санкцияларға қарамастан, Ресейден әлі де мұнай сатып алып отырғанын айыптады. Ақ үй басшысы егер сол кезде өзі билікте болғанда Ресейдің Украинаға басып кіруі «ешқашан болмас еді», деген пікірін тағы қайталады.

Трамп Киевтің АҚШ көрсеткен көмекке дұрыс баға бермей отырғанына қынжылыс білдірді.

«Украина басшылығы біздің күш-жігерімізге титтей де алғыс білдірген жоқ. Ал Еуропа болса, Ресейден мұнай сатып алуды доғарар емес», – деп атап өтті саясаткер.

Жексенбі күні жарияланған мәлімдемесінде, Женевадағы Украина жөніндегі келіссөздер жүріп жатқан тұста, Трамп соғысты «қатыгез және сұмдық» деп атап, 2020 жылғы президенттік сайлау «жалған және ұрланған» деп қайта мәлімдеді.

Трамптың айтуынша, «АҚШ пен Украинаның күшті және дұрыс басшылығы» қақтығыстың алдын алуға мүмкіндік берер еді.

Соғысты «барлығы үшін жеңіліс» деп сипаттаған Трамп, «болмауы тиіс соғысты мұраға алдым» деп, адам шығынына әкелген әрекеттер үшін Джо Байден әкімшілігін де, Киев билігін де сынады.

Трамптың әлеуметтік желідегі жазбасынан бірнеше сағат өткен соң, Украина президенті Владимир Зеленский Ресейді агрессия бастағаны үшін айыптады.

«Дипломатиялық жағдайдың мәні – осы соғысты бастаған тек Ресей ғана, әрі Ресей ғана оны толық  тоқтатудан бас тартып келеді», – деп жазды Зеленский.

«24 ақпанның алғашқы минуттарынан бастап Путин бұл соғысты жүргізіп келеді, өз адамдарынан қаншасының қаза табатынына да, қаншамызды өлтіретініне де мүлде мән бермей», – деп қосты ол.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow