Ризабек Айтмұқан Олимпиада чемпионын жеңіп, сенсация жасады

Қараша 21, 2025 - 17:08
Ризабек Айтмұқан Олимпиада чемпионын жеңіп, сенсация жасады
Фото: instagram.com/unitedworldwrestling

Сауд Арабиясында өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында (7–21 қараша, Эр-Рияд) Қазақстанның еркін күрес шебері, әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан сенсациялық жеңіске қол жеткізді, деп хабарлайды sadaq.kz.

97 келі салмақта белдесетін 21 жастағы қазақ балуан жартылай финалда Париж Олимпиадасының чемпионы, Бахрейн намысын қорғайтын шыққан тегі дағыстандық Ахмед Тажудиновты 15:3 есебімен ойсырата ұтты.

Белдесу аса тартысты басталды. Алғашқы минуттарда Ризабек 0:3 есебімен ұтылып тұрғанымен, бірінші кезең соңына қарай қарқынын үдетіп, таразы басын өз пайдасына аударды – 4:3.

Екінші кезең мүлде басқа сценариймен өтті: Айтмұқан толықтай басымдық көрсетіп, бірнеше тиімді әдістер жасады. Нәтижесінде есепті 15:3-ке жеткізіп, Олимпиада чемпионын тоқтатты.

Жүлделер мен жетістіктер:

Ризабек Айтмұқан – 2023 жылғы әлем чемпионы (Белград, Сербия).

Азия чемпионаттарының үш дүркін күміс жүлдегері (2023, 2024, 2025).

2024 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында бірде-бір белдесуде жеңілмеді.

Ал Ахмед Тажудинов – Париж Олимпиадасының чемпионы,2023 жылғы әлем чемпионы, 2025 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері.

Алда Айтмұқанды тартысты финал күтіп тұр. Қазақ балуаны чемпиондық белдесуде Иранның мықтысы Амирали Азарпирамен күш сынасады.

Айта кетейік, 1/4 финалда Ризабек тәжірибесі мол, атақты әзербайжандық балуанды айқын басымдықпен жеңген еді.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow