«Біз жаңа мемлекет ойлап тапқан жоқпыз»: Мақсат Толықбай Ата заңның өзгеруіне қатысты ойын айтты
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай жаңа Ата заңдағы өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Оның сөзінше, Ата заңның өзгеруіне қатысты қоғамның дүрлігіп, жаппай талқылауы орынды.
"Жаңа Конституцияның жобасы халықтың талқысына ұсынылды. Қазір қоғамда өте қызу талқы жүріп жатыр. Кейбір баптарға қатысты сын да айтылуда. Бұл қалыпты әрі қажет процесс. Өйткені Ата заң әрқайсымыздың тағдырымызға, болашағымызға тікелей әсер ететін негізгі құжат. Қарап отырсақ, әңгіменің барлығы 1-2 тармақтың төңірегінде ғана болып жатыр. Шын мәнінде жаңа Конституция 320 тармақтан, 95 баптан тұратын үлкен ауқымды құжат", – деді Мақсат Толықбай.
Депутат бұл жолы заң жобаларын тек өз азаматтарымыз әзірлегенін айтты.
"Реформа жөнінде комиссия мүшелері кімдер? Олардың біліктілігі қандай?" деген пікірлер де азайған жоқ. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, қолданыстағы Ата заң 1995 жылы жазылған. Оны 12 адам жазып шыққан. Оның 9-ы Қазақстан азаматы, 3 сарапшыны шетелден шақырғанбыз. Оның қасында бұл жолы Конституция жобасын 130-дан астам адам, өз азаматтарымыз әзірледі", – деді депутат.
Комиссия мүшесі ретінде үлкен жұмыстар атқарылғанын және бірқатар маңызды өзгерістер енгенін атап өтті.
"Мәтіннің тілін де жөнге келтіріп алдық. Қазір қолданыстағы Конституцияның қазақша мәтінінде бірізділік жоқ, баптары шұбалаңқы. Қарапайым адам түгілі заңгерлердің өзі әрең түсінетін. Жаңа Ата заңның қазақ тіліндегі жаңа нұсқасы толықтай қайта жазылды. Ең бастысы – біз бұл Ата заңда тарихы бар ел екенімізді шегелеп тұрып көрсеттік. Қазіргі Конституцияда тарих туралы бір ауыз сөз жоқ", – деді.
Депутаттың сөзінше, Ата заңдағы өзгерістер елдігіміз бен еркіндігімізді одан сайын қуаттай түседі.
"Біз жаңа мемлекет ойлап тапқан жоқпыз, бұныннан барды жаңа мазмұнмен нығайтып жатырмыз. Бүгінгі жағдайымызға, бекіген мемлекетімізге сай жаңғырттық. Ең бастысы– бұл Ата заңда біз мың жылдық тарихымызды нақты айқындадық. Әділдік жоқ жерде ешқандай құндылық сақталмайды", – деп түйіндеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0