Денсаулық сақтау министрі Қазақстан халқына үндеу жасады
Ол өзінің Instagram парақшасында жақында медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылға қатысты пікір білдіріп, еліміздің барлық тұрғындарына үндеу жасады, – деп хабарлады Аikyn.kz
"Құрметті қазақстандықтар! Сіздерге перзентханада мейіргер, балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде кезекші және ординатор дәрігер болып жұмыс істеген маман ретінде үн қатқым келеді: медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатыңыздар!" – деді Ақмарал Әлназарова.
Қарағандыда медбикеге шабуыл жасалған және Қостанайдағы екі шабуылға министр осылай жауап берді. Министр қыркүйекте медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны қатайтатын заңнамалық түзетулер Парламентке енгізілетінін еске салды.
"Біз тағы да Қарағанды мен Қостанайда болған екі сорақы жағдайға куә болып отырмыз. Қарағандыда жеке клиниканың мейіргеріне шабуыл жасалды. Қостанай облыстық ауруханасында урология бөлімінің жас хирургі қатыгездікпен соққыға жығылды. Пациент өз кезегін күткісі келмегендіктен, дәрігерді бір ұрып, есінен тандырған. Қазір дәрігер реанимацияда. Жағдайы – ауыр. Адам өмірін арашалап жүрген жанға қол көтеру үшін адам қаншалықты деңгейде қатыгез және мейірімсіз болуы керек?", – деді Ақмарал Әлназарова.
Министр бейбіт уақытта дәрігерлердің өз жұмыс орнында өміріне қауіп төніп отыруы – ақылға қонбайтын, мүлде жол беруге болмайтын жағдай деп қадап айтты.
"Бұл – тек бір дәрігерге жасалған шабуыл емес. Бұл – ондаған пациенттің қараусыз қалуы, ондаған операцияның кейінге шегерілуі. Бұл – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне төнген тікелей соққы. Шабуыл жасалған қабылдау бөлімдері – онсыз да қаупі жоғары аймақтар", – деді Ақмарал Әлназарова.
Министр медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықтың жиілеп кетуіне байланысты Ішкі істер министрімен бірлесіп, шұғыл түрде ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлімдерінде тәулік бойы күзет посттарын күшейту туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
"Барлық медициналық ұйымдар бейнебақылау жүйесімен, күзетпен және дабыл батырмаларымен қамтамасыз етілуі тиіс. Тағы да баршаңызды барлық деңгейде өркениетті қарым-қатынас мәдениетін сақтауға шақырамын. Біз балаларға жас кезінен медицина қызметкерлерінің еңбегін құрметтеуді, алғыс айту мәдениетін үйретуіміз керек. Жапа шеккен әріптесіміздің өмірін сақтау үшін Денсаулық сақтау министрлігі барлық қажетті әрі батыл шараларды қабылдайтын болады", – деді Ақмарал Әлназарова.
Ертең дәрігер санитариялық авиациямен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізіліп, білікті мамандардың қатысуымен әрі қарай ем қабылдайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






