Депутат Тұрлыхановтың ұлы соттан жазасын жеңілдетуді сұрады

Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат түрмеден босап шығу үшін сотқа қайта өтініш берді. Ол жазасының өтелмеген бөлігін айыппұлмен алмастыруды сұрап отыр, деп хабарлайды sadaq.kz.
Болат 2023 жылы адвокат Олег пен Анна Черновтарды соққыға жыққаны үшін Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша сотталған болатын. Алғашында оған бостандықты шектеу жазасы тағайындалды. Алайда бірнеше мәрте тәртіп бұзғаны үшін бұл шара нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған.
Жақында сотқа түскен жаңа өтініште Болат мерзімнің қалған бөлігін айыппұлға алмастыруды ұсынған. Бұл бастамаға жәбірленушілер де, түзеу мекемесінің басшылығы да үзілді-кесілді қарсы.
“Мекеме басшысы да, мен де бұл ұсынысты қолдамаймыз. Қазір теңізге баратын емес, жазаны өтейтін уақыт. Өз еңбегімен таппаған ақшаға құтылу — бұл әділет емес. Бұған дейін бостандықты шектеу мүмкіндігі берілді, бірақ соның өзін дұрыс пайдаланбады” - деп жазды Анна Чернова Instagram парақшасында.
Аталған мәселе бойынша сот тыңдалымы 2025 жылғы 19 маусымда өтеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






