«Дикий Арманның» қылмыстық тобының 15 мүшесі қолға түсті (ВИДЕО)
Алматы және Шымкент қалаларында «Дикий Арманның» қылмыстық тобының 15 мүшесі қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биыл тамыз айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Бас прокуратурамен бірлесіп, Алматы және Шымкент қалаларында бір уақытта «Дикий Арманның» ұйымдасқан қылмыстық тобының 15 ықтимал мүшесіне қатысты ұстау және тінту шаралары жүргізілді. Топтың жетекшісі мен негізгі мүшелері қамауға алынғанымен, оның басқа мүшелері бостандықта заңсыз әрекеттерді жасауды жалғастырған», - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.
40-тан астам тінту іс-шаралары жүргізіліп, атыс, травматикалық және суық қару, сондай-ақ олардың құқыққа қайшы қызметінің өзге де заттай дәлелдемелері тәркіленді. Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Аса қауіпті қылмыстық топтарды, оның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарды құрықтау бойынша белсенді кезең аяқталуда», - деді спикер.
Айта кетерлігі, соңғы 2 жылда 140-тан астам қылмыстық топ қызметі тоқтатылды. Криминалитеттің 550-ден астам өкілі жауапқа тартылды. Алматы қалалық мәслихаты VII шақырылымының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген 2022 жылдың 22 сәуірінде ұсталды.
«Дикий Арман» сол жылы 7 қаңтарда арнайы операция кезінде қолға түсті. «Дикий Арман» мен Қайрат Құдайбергенге қатысты іс жабық түрде өтіп жатыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?