Динара Құлыбаеваға тиесілі ҚБТУ мемлекетке қайтарылды

Наурыз 4, 2025 - 14:28
Наурыз 4, 2025 - 16:02
Динара Құлыбаеваға тиесілі ҚБТУ мемлекетке қайтарылды

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның жұбайы, олигарх Тимур Құлыбаев Қазақстан-Британ техникалық университетіне (ҚБТУ) иелік етпейтін болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаржы министрлігінің қаржылық есептілікті сақтау қорынан алынған мәліметке сәйкес,  университеттің негізгі акционері өзгерген.

"Акционерлердің құрамы туралы және эмитенттің дауыс беретін акцияларының он және одан да көп пайызын иеленетін акционерлердің құрамында өзгеріс бар. ҚБТУ-дың жаңа иесі — "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" ЖШС", — делінген ресми құжатта.

Құжатқа сәйкес, бұл өзгеріс 27 ақпанда болған.

Еске салайық, 11 қаңтар, сенбі күні кешке Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) ғимараты өртене бастады. Өрт 120 шаршы метр аумақты шарпыды. Ақырында Төтенше жағдайлар министрлігі қаладағы ең көне ғимараттардың біріндегі өртті сөндіре алды. Бұл ғимараттың тең иелерінің бірі – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева.

2024 жылдың ақпанында bes.media басылымы Алматы прокуратурасының «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) және Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры (NNEF) үстінен сотқа арызданғанын хабарлады. Мәселе мынада: 2018 жылы ҚМГ бұған дейін өз меншігінде болған университетті аукцион арқылы осы қорға сатқан. Алты жыл өткен соң, прокуратура бұл келісімді жарамсыз деп тануды талап етті, себебі «компанияны мемлекетке тапсыру кезінде шығын келтірілген» деп мәлімдеді («ҚазМұнайГаз» – ұлттық компания). Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры университетті 11,3 млрд теңгеге сатып алған. Кейін прокуратура бұл мәміле кезінде мемлекетке 11 млрд теңге көлемінде залал келгенін есептеген. Ол кезде де, қазіргі уақытта да Қордың құрылтайшыларының бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева.

eGov.kz мәліметіне сәйкес, ҚБТУ-дың бір ғана құрылтайшысы бар, бірақ оның нақты кім екені көрсетілмеген. ҚБТУ-дың 2023 жылдың соңындағы соңғы есептілігінде университеттің жалғыз акционері «NNEF» – Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры екені айтылған. Бұл Қордың әлі де ҚБТУ-дың құрылтайшысы екенін білдіреді.

Қазіргі уақытта Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қорының үш құрылтайшысы бар: Динара Құлыбаева, Галина Самарская және Асқар Нұрпейісов.

2024 жылдың ақпанында pro.tenge порталы университетті сату келісімшарты бойынша ҚБТУ-ды екі жыл бойы (2020 жылдың соңына дейін) сатуға болмайтынын хабарлады. Бірақ бұл мерзім аяқталған соң, оның ішінде Құлыбаева да бар меншік иелері университетті сатуға толық құқылы.

БАҚ 2023 жылдың 7 ақпанында ҚБТУ-дың негізгі ғимараты орналасқан жер телімін жалға алу мерзімі аяқталғанын жазды. Бұл жер телімі мемлекетке тиесілі. Алайда 2024 жылдың басында Жер қатынастары басқармасы жалға алу келісімшартының сол кезде әлі ұзартылмағанын хабарлады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow