«Дипломы бар заңгермін»: Аша Матай өзін заң білмейді деп сынағандарға жауап берді (ВИДЕО)
Танымал тележүргізуші, әнші әрі «Қазақстан Халық партиясынан» кандидат ретінде тіркелген Аша Матай өзін сынағандарға жауап берді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Аша Матайдың саясатқа араласуына қатысты түрлі пікір айтылған болатын. Кейбір желі қолданушылары өнер адамдарының саясатқа араласпауы керектігін айтып, тележүргізушіні қатаң сынға алды.
Аша Матай бұл пікірлермен келіспейтінін айтып, қоғамдағы мәселелерге әйел, ана және Қазақстан азаматы ретінде бейжай қарай алмайтынын жеткізді.
«Соңғы күндері маған “саясатта нең бар?” деген сұрақ қойылуда. Жауабым өте қарапайым. Көрермендерім мен оқырмандарымның мұңы мен алаңдаушылығын заң жүзінде реттеуге мүмкіндігім бола тұра үнсіз қалғым келмейді. Айтып қана қоймай, атсалысып іске кірісу үшін Қазақстан Халық партиясында жұмыс істеуді таңдадым», – деді ол.
Сондай-ақ тележүргізуші әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты түсініктеме беріп, заңнан хабары бар екенін атап өтті.
«Мен шын ниетпен әріптестерімнің қойған сұрақтарын жауапсыз қалдырғым келмеді. Алайда партияның съезі басталып, жүріп жатты. Партия қызметкерлері мені жиынға шақырып әлек болып жатыр. Бір жағынан сұрақ астына алып жатқан журналистер, екінші жағынан асықтырып жатқан ұйымдастырушылар. Бір сөзбен айтқанда, ортаны қарбаластырып жіберді», – деді Аша Матай.
Аша Матайдың айтуынша, журналистер оны заң білмейтін адам ретінде көрсетуге тырысқан. Алайда тележүргізуші жоғары білімді заңгер екенін, дипломы барын айтты. Ол өзін құрылтайға депутат ретінде тіркелуге әбден лайық деп санайтынын, білімі мен ақылы жететінін түсіндірді.
Тележүргізуші алдағы уақытта да қоғамдағы өзекті мәселелерге араласып, азаматтардың мұң-мұқтажын заң аясында көтеруге ниетті екенін айтты.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0