«EL ARNA» және «Хабар» телеарналарын біріктіру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева желідегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Sadaq.kz.
«Отандық медиакеңістіктегі қарқынды өзгерістерді ескере отырып және мемлекеттік ресурстарды оңтайландыру үшін «EL ARNA» және «Хабар» телеарналарын біріктіру туралы стратегиялық шешім қабылданды. Бұл қадам, ең алдымен, отандық телекомпаниялардың жұмыс тиімділігін арттыруға және қазақстандық контент аудиториясын кеңейтуге бағытталған. «EL ARNA» және «Хабар» телеарналарын біріктіру 2025 жылдың 1 мамырына дейін аяқталады. «EL ARNA»-ның барлық құнды контенті «Хабар» арнасының эфиріне өтеді. Бұл үздік жобалардың сақталуына, оларды кең аудиторияға қолжетімді етуге және одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. «EL ARNA» телеарнасы отандық көркем және деректі фильмдер, сериалдар, сондай-ақ мәдени-ағартушылық бағдарламалар көрсетілетін платформа ретінде маңызды миссия атқарды. Біз бұл арнаның ұлттық кинематография мен телевизияның дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз», деді министр.
Министрдің айтуынша, «EL ARNA-ның» барлық қызметкері «Хабар» агенттігіне жұмысқа орналастырылады.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі «EL ARNA» телеарнасының ұжымына көпжылдық еңбектері, кәсібилік пен отандық медиа кеңістікті дамытуға қосқан үлестері үшін шынайы алғыс білдіреді. Қайта ұйымдастыру процесі барысында барлық қызметкерлер «Хабар» агенттігіне жұмысқа орналастырылады. Жалақы деңгейі сақталып, олардың тәжірибесі мен білімі жаңа жобаларда сұранысқа ие болады. «EL ARNA» телеарнасының бағдарламаларын өндіру және таратуға бөлінген қаржы «24KZ» және «Хабар» сияқты стратегиялық маңызды телеарналардың контентін күшейтуге және техникалық базасын уақтылы жаңартуға қайта бөлінеді. «EL ARNA» телеарнасының қызметіне атсалысқан барша жандарға шынайы ризашылығымды білдіремін және алдағы уақытта жаңа жетістіктер, шығармашылық шабыт пен толайым табыс тілеймін!», - деп жазды Балаева.
«EL ARNA» телеарнасы 2000 жылы «Хабар-2» атауымен құрылды. 2002 жылы атауы «EL ARNA» болып өзгертілді. 2014 жылдың наурызында арна жиілігінде «24KZ» жаңалықтар телеарнасы іске қосылды. Теларна 2017 жылы отандық киноарна, 2024 жылдан бастап жастарға арналған ойын-сауық арнасы ретінде қайта құрылымдалды.