Еліміз көлік кептелісі бойынша әлемдік рейтингте 46-орын алды
Қазақстан 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында жол қозғалысындағы кептелістер бойынша әлемдік рейтингте 87 елдің ішінде 46-орынға тұрақтады,деп хабарлайды Azattyq Rýhy Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстанның индексі 135,8 баллды құрады. Бір жыл бұрын ел 136,7 индексімен 85 елдің ішінде 44-орында болған еді.
«Рейтинг халық арасындағы сауалнамаларға негізделіп, келесі көрсеткіштерді қамтиды: Күнделікті қала ішінде бір бағыттағы жолға кететін орташа уақыт; Көлік жүйесінің тиімсіздігін бағалау; CO2 шығарындыларының деңгейі», — деп жазылған сарапшылардың материалында.
Сарапшылардың мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында әр қазақстандық бір бағытқа 35,6 минут жұмсаған. Бұл уақыт ішінде 2 кг-ға жуық CO2 шығарылған. Транспорттық жүйенің тиімсіздік индексі 144,2 балл деп бағаланған.
«Кептеліс индексі бойынша ең нашар елдер ретінде Нигерия, Коста-Рика және Бангладеш аталды, ал үздіктер қатарында Эстония, Австрия және Финляндия бар. ТМД елдері ішінде Қазақстан Ресей, Әзербайжан және Украинадан төмен орналасқанымен, Беларусь пен Армениядан жоғары тұр», — делінген материалда.
Қазақстан бойынша мәліметтер тек Алматы қаласына қатысты жеке көрсетілген. Оңтүстік астананың кептеліс индексі 156,7 баллды құрап, бір бағытқа кететін орташа уақыт 39,7 минут болды. Осы уақыт ішінде 2,1 кг CO2 шығарылған. Қаладағы көлік жүйесінің тиімсіздігі 176,6 балл деп бағаланды. Алматы әлемдегі 200 қала ішінде 85-орынды иеленді.
Сіздің реакцияңыз қандай?