Елімізде қосымша құн салығын көтеру керек - Бектенов

Қаңтар 28, 2025 - 11:59
Елімізде қосымша құн салығын көтеру керек - Бектенов
Фото: t.me/KZgovernment

Қазақстанда қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеру қажет. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, - деп хабарлайды sadaq.kz.

Министрлер кабинетінің басшысының айтуынша, Қазақстанда жекелеген оң нәтижелерге қарамастан, экономикалық өсу серпіні жеткіліксіз. Елдің өнеркәсіптік әлеуеті әлдеқайда ауқымды.

"Бізде даму бюджетінің көлемі жеткіліксіз. Дамыған елдерде ол мемлекеттің барлық шығындарының 25 пайызына жетеді, ал бізде 8 пайыз. Республикалық бюджеттің 26 триллион теңгесінің 2 триллионы ғана дамуға жұмсалады. Қалғанының бәрі ағымдағы бюджет, оның едәуір бөлігі әлеуметтік шығындардан тұрады. Экономикалық дамудың негізі болып табылатын салалар: электр және жылу энергетикасы, су шаруашылығы, газ тасымалдау жүйесі, жолдар, инженерлік желілер және инфрақұрылым қаржыландырылмаған күйінде қалып отыр. Даму институттары жеткілікті өтімділікпен қамтамасыз етілмеген. Мұндай жағдайда өсудің жоғары динамикасын сенімді түрде қамтамасыз ету өте қиын", - деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің сөзінше, елдің салық-бюджет жүйесін сауықтыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру қажет. Қолданыстағы салық жүйесі мемлекетке инвестициялар көлемін қамтамасыз етіп қана қоймай, кәсіпкерлерге де әділетсіз. Негізгі салық жүктемесі еңбекақы төлеу қорына, яғни өзіндік құнға түседі.

"Тауар сөреге түскенге дейін де кәсіпкер салықтың көп бөлігін төлеуге мәжбүр. Үкімет еңбекақы төлеу қорына жүктемені оны сатуға ауыстыру арқылы азайтуды ұсынады. Ол үшін жұмыс берушінің әлеуметтік салықты және міндетті зейнетақы төлемдерін төмендетіп, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру қажет. Бұл кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, оларға қажетті қаржылық резерв жасайды", - деді Олжас Бектенов.

Еске салайық, Президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы Астанада өтіп жатыр. Бүгінгі отырыста еліміздің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылады, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады. Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, сондай-ақ бірқатар өңірлердің әкімдері баяндама жасайды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow