Ғали Дінмұхаммед: Құрылтайдың басты міндеті – кәсіби әрі халық алдында жауапты депутаттар корпусын қалыптастыру

Тамыз 1, 2026 - 15:23
chat_bubble  0 visibility  2
Ғали Дінмұхаммед: Құрылтайдың басты міндеті – кәсіби әрі халық алдында жауапты депутаттар корпусын қалыптастыру
Фото: жеке парақшасынан

23 тамызда елімізде Құрылтай сайлауы өтеді. Бұл саяси науқан алдағы бес жылда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін заңдардың сапасын, Үкіметке бақылаудың тиімділігін және азаматтардың мүддесін қорғайтын өкілді органның құрамын айқындайды. Қолданбалы этносаясизерттеулер институты директорының орынбасары, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Ғали Дінмұхаммедтің пікірінше, Құрылтайдың басты міндеті – қоғамның нақты мәселелерін шешуге қабілетті, кәсіби әрі халық алдында жауапты депутаттар корпусын қалыптастыру, деп жазады Sadaq.kz.

Сарапшының айтуынша, Құрылтай сайлауының басты мақсаты – қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарының мүддесін білдіретін, кәсіби және халық алдында жауапты заң шығарушы орган қалыптастыру.

«Құрылтай азаматтардың күнделікті мәселелерін нақты шешімдерге, сапалы заңдарға және Үкімет қызметін бақылаудың тиімді тетіктеріне айналдыратын өкілді институт болуы тиіс. Сондықтан депутаттарды таңдауда танымалдықтан гөрі кәсіби тәжірибе, қоғамдық бедел және қоғам мүддесін қорғау қабілеті негізгі өлшемге айналуы қажет», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, биылғы сайлауда Құрылтай құрамына бес жылға сайланатын 145 депутат кіреді. Жеті саяси партия 145 мандатқа барлығы 550 кандидат ұсынды: «Әділет» - 186, Respublica - 76, Қазақстан Халық партиясы - 72, «Ауыл»- 69, «Ақ жол» - 63, «Байтақ» - 51 және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия - 33 кандидат. Бұл бір орынға орта есеппен 3,8 үміткерден келетінін көрсетеді. Мұндай арақатынас партиялар арасындағы бәсекені күшейтіп, кандидаттарды сапалы іріктеуге қойылатын талапты арттырады. Сондықтан негізгі өлшем танымалдық емес, кәсіби тәжірибе, қоғамдық бедел және нақты әлеуметтік топтардың мүддесін білдіру қабілеті болуы тиіс.

Ғали Дінмұхаммедтің пікірінше, бүгінгі қоғамды жалпы саяси ұрандар емес, нақты нәтижеге бағытталған бағдарламалар қызықтырады. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының зерттеуіне сәйкес, азаматтардың 34,2 пайызы партиялар жастармен жеткілікті жұмыс істемейді деп санайды. Ал 29,8 пайызы шалғай ауыл тұрғындарының, 24,2 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен фрилансерлердің мәселелері назардан тыс қалып отырғанын айтқан.

«Бұл көрсеткіштер қоғамның нақты шешімдерді күтетінін көрсетеді. Жастар үшін жұмыс, баспана мен сапалы білім маңызды болса, ауыл тұрғындарын жол, ауызсу, медицина, жұмыспен қамту мәселесі алаңдатады. Ал платформалық экономикада еңбек ететін азаматтар үшін еңбек құқықтары, әлеуметтік сақтандыру мен зейнетақы аударымдары өзекті», - дейді Ғали Әзімбайұлы.

Сарапшының сөзінше Құрылтайдың алдағы бес жылдағы қызметі халықтың күнделікті тұрмысына тікелей ықпал етеді. Себебі депутаттар бюджет, салық, жұмыспен қамту, әлеуметтік саясат, білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және өңірлік даму бағыттары бойынша заңдар қабылдайды. Қазіргі экономикалық ахуал да қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруды талап етеді. Сонымен бірге тұрғын үйді жалға алу, азық-түлік және басқа да күнделікті тұтыну тауарларының бағасы өсіп келеді. Сондықтан партиялардың сайлауалды бағдарламалары нақты экономикалық тетіктерге негізделуі қажет.

«Табысты арттырамыз» немесе «бағаны төмендетеміз» деген жалпы уәделер жеткіліксіз. Партиялар қандай заңдарды өзгертетінін, жаңа жұмыс орындары қай салаларда құрылатынын, кәсіпкерлікке қандай қолдау көрсетілетінін нақты ұсынуы керек», - дейді ол.

Ғали Дінмұхаммед Құрылтай сайлауы қоғамға бірнеше маңызды өзгеріс әкелетінін атап өтті. Соның бірі – партиялардың өңірлік мәселелерге көбірек назар аударуы.

Оның айтуынша, қала мен ауыл тұрғындарының қажеттіліктері әртүрлі. Сондықтан партиялар жалпы республикалық ұрандармен ғана шектелмей, әр өңірдің ерекшелігін ескеретін нақты ұсыныстар әзірлеуі тиіс. Әсіресе ауылдық жерлерде жұмыспен қамту, инфрақұрылым, интернет, медицина, білім беру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мәселелері кешенді түрде қарастырылуы қажет.

Сарапшы кадрлық саясаттың да өзгеруі маңызды екенін атап өтті.

«Қоғамға тек танымал адамдар емес, қабылданатын заңдардың экономикаға, бюджетке, бизнеске және азаматтардың құқықтарына қалай әсер ететінін бағалай алатын мамандар қажет. Депутат өз саласын жақсы біліп қана қоймай, қабылданған шешімдердің мәнін халыққа түсіндіре алуы тиіс», - деді ол.

Сарапшы Құрылтайдың Үкімет қызметіне бақылау жүргізудегі рөлі де арта түсетінін айтты. Оның пікірінше, депутаттар қабылданған заңдардың орындалуын ғана емес, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын және мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесін бағалауы тиіс.

«Құрылтайдың маңызы оның атауымен емес, қабылдайтын шешімдерінің сапасымен өлшенеді. Кәсіби, ашық әрі есеп беретін Құрылтай мемлекеттік институттарға деген қоғамдық сенімді нығайтып, елдің орнықты дамуына негіз бола алады», - дейді Ғали Дінмұхаммед.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0