Геннадий Головкин World Boxing президенттігіне басты үміткерлердің бірі

2025 жылдың қараша айында өтетін World Boxing Конгресінде ұйымның жаңа президенті сайланады. Бұл шешім халықаралық бокс қауымдастығының болашағына айқындаушы әсер етпек, деп хабарлайды sadaq.kz сайты 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Insidethegames.biz дерегінше, басты фаворит ретінде Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, Олимпиада-2004 күміс жүлдегері, кәсіпқойлар арасында орта салмақта екі дүркін әлем чемпионы Геннадий Головкиннің есімі аталып отыр. Ол 2024 жылдың қыркүйегінде World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болып тағайындалған.
Головкиннің басты қарсыласы – Владимир Кличко. Атланта-1996 Олимпиадасының чемпионы, 2017 жылы мансабын аяқтаған ауыр салмақтағы әлем чемпионы бокс болашағына ықпал етуді көздеп отыр.
Үшінші кандидат – Харис Мариолис, Грекия бокс федерациясының президенті. Ол өзінің басқарушылық тәжірибесін алға тартып, бірқатар ұлттық федерациялар мен спорт институттарының қолдауына ие болған.
World Boxing 2023 жылы Халықаралық бокс қауымдастысы (IBA) Олимпиадалық мәртебесінен айырылғаннан кейін балама ұйым ретінде құрылды. Алдағы сайлау ұйымның даму бағытын айқындайтын маңызды кезең болмақ.
Аталған жаңалықты таратқан InsideTheGames.biz – олимпиадалық спорт жаңалықтарына маманданған ықпалды ағылшын тіліндегі портал. 2005 жылы британ журналисі Дункан Маккей негізін қалаған басылым беделді ақпарат көздерінің біріне айналған.
Алайда 2023–2024 жылдары меншік иелері өзгергеннен кейін порталдың тәуелсіздігіне қатысты сұрақтар туындады. 2023 жылдың қарашасынан бастап сайт Vox Europe Investment Holding Ltd, ал 2024 жылдың мамырынан ITG Media DMCC (Дубай) компаниясының қарамағына өтті. Осыдан соң InsideTheGames.biz IBA мүддесіне сай материалдарды жиі жариялайды деген сынға ілікті.
Vox Europe Investment Holding Ltd иелері қатарында ресейліктер Жанна Абдулян мен Максим Котков бар. Абдулян Ресей бокс федерациясында жұмыс істесе, Котков IBA президенті Кремлевтің халықаралық аренаға шығуы кезінде оның кеңесшісі болған.
Ground News агрегаторының бағалауынша, InsideTheGames.biz-дің ақпараттық сенімділігі «анықталмаған» деңгейде. Дегенмен басылым олимпиадалық және паралимпиадалық спорт, сондай-ақ халықаралық спорт ұйымдарының саясаты туралы тұрақты хабар тарататын санаулы медиа көздерінің бірі болып отыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?






