Израиль Иранның әлемдегі ең ірі газ кен орнына шабуылдады: мұнай бағасы күрт көтерілді

Наурыз 19, 2026 - 11:11
chat_bubble  0 visibility  1
Израиль Иранның әлемдегі ең ірі газ кен орнына шабуылдады: мұнай бағасы күрт көтерілді
Фото: Pixabay

АҚШ-пен бірлесіп Иранға қарсы әскери іс-қимылдарға қатысып жатқан Израиль Парсы шығанағы маңындағы Иранның газ саласына тиесілі нысандарға әуе соққысын жасады. Бұл туралы Sadaq.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Иранның Tasnim және Mehr агенттіктерінің мәліметінше, 18 наурыз күні өнеркәсіптік Асалуйе қаласы маңындағы мұнай-химия кешендері шабуылға ұшыраған. Ал Axios порталы үкіметтегі дереккөздерге сүйеніп, соққылардың АҚШ-пен келісілген түрде жасалғанын жазды.

Tasnim агенттігі Бушер провинциясы вице-губернаторының сөзіне сілтеме жасап, «газ өндіру саласындағы бірнеше өндірістік нысанға зақым келгенін, тұрғындарға қауіпті аймақтарға жақындамау туралы ескерту жасалғанын» хабарлады. Иран мемлекеттік телеарнасы әуе шабуылынан Парсы шығанағындағы ірі газ кен орнындағы өндіру қондырғысы бүлініп, өрт шыққанын мәлімдеді. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жіберілген.

Асалуйе маңында Иран Катармен бірге игеріп отырған әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі – Оңтүстік Парс газ алабы орналасқан. Бұл аймақ елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие және ішкі газ тұтынуының шамамен 70 пайызын қамтамасыз етеді. Иранда өндірілетін табиғи газдың негізгі бөлігі ішкі нарыққа бағытталады.

Газ саласына жасалған шабуылдан кейін мұнай бағасы күрт өсті. Ирандық мемлекеттік БАҚ-тардың хабарлауынша, шабуыл туралы ақпарат тараған соң Brent маркалы мұнайдың құны барреліне 110 долларға дейін көтерілді. Сонымен қатар WTI мұнайының бағасы да өсіп, барреліне 98 долларға жетті.

Бағаның қымбаттауына қарамастан, нарықта оң жаңалықтар да болды. Сауд Арабиясы 13 наурызда Рас-Танурадағы ірі мұнай өңдеу зауытының жұмысы қайта жанданғанын растады. Сондай-ақ Дональд Трамп әкімшілігі Джонс заңы талаптарын 60 күнге уақытша тоқтатқан. Бұл заң АҚШ порттары арасындағы жүк тасымалын тек америкалық кемелер арқылы жүзеге асыруды міндеттейді.

Иран билігі газ өнеркәсібіне жасалған соққылардан кейін қарсыласына әлдеқайда қуатты жауап беретінін мәлімдеп, шабуылға қатысы бар елдердің «жанармай, энергетика және газ инфрақұрылымына» соққы жасалуы мүмкін екенін ескертті. Мемлекеттік телеарна жариялаған «заңды нысандар» тізіміне Сауд Арабиясы, Қатар және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі мұнай-газ объектілері енгізілген.

Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшылығы шектеулі қақтығыстар кезеңі аяқталып, жағдайдың «жан-жақты экономикалық соғыс» деңгейіне өткенін мәлімдеді. Мұндай мәлімдемеге Иранның азаматтық әрі стратегиялық инфрақұрылымына жасалған соққылар себеп болғаны айтылды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0