Kaspi-дегі «байқаусызда» келген 440 мың теңге: Қазақстандықтарды қарызға батыратын жаңа алаяқтық схема

Ақпан 19, 2026 - 12:03
Ақпан 19, 2026 - 13:25
 0  58
Kaspi-дегі «байқаусызда» келген 440 мың теңге: Қазақстандықтарды қарызға батыратын жаңа алаяқтық схема

Threads әлеуметтік желісінде қазақстандықтар Kaspi картасына түсетін «қате аударымдардың» жаппай көбейгенін айтып, дабыл қағуда. Бір қарағанда қарапайым қателік болып көрінген бұл жағдай, шын мәнінде адамды сотқа сүйреп, банк алдында миллиондаған қарызға батыратын алаяқтық схемасы болып шықты. Бұл туралы Sadaq.kz ақпараттық порталы хабарлайды. 

Желідегі талқылау alekenov есімді қолданушының жазбасынан басталды. Оған бейтаныс біреулер терминал арқылы 30 000 теңге аударып, оны дереу қайтаруды талап еткен. Алаяқтар «банк бұл мәселені тек 45 күннен кейін ғана шеше алады» деп, адамды асықтырып, психологиялық қысым көрсеткен. Бұл — құрыққа түсірудің алғашқы қадамы.

«Декреттегі анамын» психологиялық қысымы

Осы талқылауда flamingo_kaz есімді қолданушы өзінің бастан кешкен оқиғасымен бөлісті. Оған 65 000 теңге түскенде, бейтаныс адам хабарласып: «Күйеуіме қайтарыңызшы, 1 нөмірден байқаусызда қателестім, декреттегі анамын» деп жылап өтінген. Жаны ашыған келіншек ақшаны қайтарып берген.

Алайда, арада 5,5 ай өткенде оған соттан хат келіп, бір апта бойы полицияға сүйретілгенін, нәтижесінде, 65 000 теңгесі 150 000 теңге болып шыққанын хабарлады. Жәбірленуші «1045 арыз жазып, әрең құтылдым, бірақ қарыз әлі тұр» деп жазады.

Ірі сомалар мен «минус» баланс

Схеманың тағы бір құрбаны danakumargaliyeva болды. Оның картасына терминал арқылы 440 000 теңге түскен. Ол заңгермен кеңесіп, банкке барып, «бұл ақша маған тиесілі емес, жіберушіге қайтарыңыздар» деп ресми арыз жазған.

Соған қарамастан, кейін оның шотынан сол сома ұсталып, картасының балансы -439 998,64 теңге боп өзгерді. Бұл алаяқтардың ақшаны қайтаруды талап етіп қана қоймай, банк арқылы да өндіріп алуға тырысатынын көрсетеді.

Бұл схемада жіберушінің аты-жөні көрінбегендіктен, алаяқтар көбіне терминалдарды қолданады. Желі қолданушыларының айтуынша, бұл — «дропперлердің» ақша жылыстату схемасы болуы мүмкін. Алаяқтар біреуден алдап алған ақшасын сіздің картаңыз арқылы ізін жасыруды көздейді.

Өзіңізді қалай қорғай аласыз?

Картаңызға бейтаныс жерден ақша түссе, оны өздігіңізден басқаға аудара салмаңыз. Жіберуші жылап өтінсе де, қорқытса да, салқынқандылық сақтаңыз. Ақшаны өз еркіңізбен жіберген сәтте сіз алаяқтық схеманың сыбайласы болып танылуыңыз мүмкін.

Мұндай кезде бірден банк бөлімшесіне немесе қолдау орталығына хабарласып, қате аударымды ресми түрде кері қайтару туралы арыз жазған жөн. Ақшаны банк мамандары өздері қайтаруы тиіс.

Алаяқтардың «банк 45 күн тексереді» немесе «қара тізімге кіресіз» деген сөздеріне сенбеңіз, бұл — сізді қателік жасатуға итермелейтін айла. Барлық хат алмасуды, скриншоттарды және арыз көшірмесін міндетті түрде сақтап қойыңыз.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 1
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0