Каспийде қаза тапқан сарбаздардың арасында Қазақстан чемпионатының жүлдегері болған

Қыркүйек 25, 2026 - 11:41
chat_bubble  0 visibility  14
Каспийде қаза тапқан сарбаздардың арасында Қазақстан чемпионатының жүлдегері болған
Фото: instagram.com/zhas_batyr_aktau

Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған 14 әскери қызметшінің арасында Маңғыстаудан шыққан жас спортшы, Қазақстан чемпионатының жүлдегері Сержан Аяпберген де болған, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Қорғаныс министрлігі 24 қыркүйекте болған қайғылы оқиғадан кейін қаза тапқан әскери қызметшілердің толық тізімін жариялаған. Тізімде мерзімді әскери қызметтегі матрос Аяпберген Сержан Талғатұлы да көрсетілген.

2006 жылдың 18 ақпанында туған Сержан Ақтау қаласында тұрған. Ол әскерге аттанғанға дейін бірнеше жыл бойы спортпен айналысып, Маңғыстау облысының намысын республикалық және халықаралық жарыстарда қорғаған.

Жас спортшы «Жас Батыр» спорт мектебінде самбо және дзюдо үйірмелеріне қатысқан. 2018 жылы Бішкек қаласында өткен самбодан халықаралық турнирде күміс жүлде иеленген. Ол кезде жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан 327 спортшы қатысқан.

Сержан дзюдодан да бірқатар жарыстарда жүлдеге қол жеткізген. Ақтауда ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде 42 келіге дейінгі салмақта қола медаль алған. Сондай-ақ 2006–2008 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы бәсекелерде топ жарып, «Жас Батыр» спорт мектебі өткізген турнирлерде алтын медаль иеленген.

Спорт мектебінің дерегінше, Сержан Аяпберген самбодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері болған. Бұдан бөлек, ТМД студенттері арасындағы жарыстарда жүлдеге іліккен және дзюдодан республикалық әрі халықаралық додаларға қатысқан.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде төтенше жағдай болды. Әскери қызметшілер оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде Каспий теңізі жағалауында ауа райының күрт бұзылуына тап болған. Желдің күшеюінен 19 әскери қызметші суға түскен.

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 1