Қазақ әншісі халықаралық байқаудың абсолютті жеңімпазы атанды

Шілде 28, 2025 - 15:21
Қазақ әншісі халықаралық байқаудың абсолютті жеңімпазы атанды

Белгілі опера әншісі Әйгерім Алтынбек XI Халықаралық CLIP 2025 опера байқауында жеңіске жетті, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Өнерпаз бірінші орыннан бөлек, байқаудың негізгі номинацияларында үздік атанып, абсолютті жеңімпаз болды. Сонымен қатар көрермен көзайымы жүлдесін, "Үздік әйел дауысы" марапатын және музыка сыншысы, арт-директор әрі педагог Карло Майердың арнайы жүлдесін иеленді.
Бұл – ел мәдениетіндегі тарихи жеңіс. Байқауда алғаш рет Орталық Азия өкілі осындай жетістікке жетіп, көшбасшылар қатарынан көрінді.
"Байқау тарихында бірінші рет Әйгерім Алтынбек сайыстың басынан барлық қазылар алқасының рейтингінде бірінші тұрды. Бұл – өте сирек кездесетін жағдай. Бұл көрерменнің де таңдауы дұрыс болғанын дәлелдейді", – деді қазылар алқасының төрағасы Доминик Мейер.
Биылғы байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық өтінім түскен. Бірақ финалға небәрі 10 орындаушы өтті. Олар Портофино қаласының орталық алаңында Teatro Carlo Felice оркестрінің сүйемелдеуімен өткен гала-концертте өнер көрсетті.
"Үздік әйел дауысы" жүлдесін Әйгерімге Чилидегі Ибаньес-Аткинсон қоры табыстады. Бұл қор – әлем бойынша жас, дарынды вокалистерді іздеп, қолдаумен айналысатын халықаралық ұйым. Қор жетекші театрлармен әріптестік орнатқан және Сантьягодағы опера театрымен бірлескен жастар бағдарламасын жүзеге асырады. Әйгерім – бұл қордың Оңтүстік Америка континентіндегі қолдауына ие болған алғашқы еуропалық емес әнші. Оған кәсіби және болашақ ынтымақтастық бойынша ұсыныс жасалды. Бұл ұсыныс отандық өнерпазға Еуропадан тыс жерлерде де халықаралық мансабын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow