Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберетін болды
Ауғанстанда жойқын жер сілкінісі болды
Ауғанстан тарапының бастамасымен Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Ауғанстанның сыртқы істер министрі Амир Хан Муттаки телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сұхбат барысында Е.Көшербаев таяуда болған жойқын жер сілкіністеріне байланысты ауған халқына көңіл айтып, алдағы уақытта Қазақстан тарапынан Қабылға гуманитарлық миссия жіберілетінін хабарлады. Миссия құрамына медициналық мамандармен қатар дәрі-дәрмектер мен алғашқы қажеттілік заттары кіретін болады.
Ә.Муттаки ауған халқының мұқтаждықтарына әрдайым көңіл бөліп, тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан қазақ тарапына ризашылығын білдірді және биыл жалпы көлемі 3,7 мың тоннаны құраған екі партия гуманитарлық көмектің жіберілгенін атап өтті.
«Тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, достық және өзара тиімді қатынастарды одан әрі нығайтуға дайын екенін растады. Сұхбат барысында сауда, банк, тау-кен металлургиясы мен цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша министрлер қазақ-ауған ынтымақтастығын дәйекті дамыту ниетін растап, белсенді саяси диалогты жалғастыру жөнінде уағдаласты», – делінген хабарламада.
Сіздің реакцияңыз қандай?