Танымал айтыскер ақын Әсия Беркенова дүниеден өтті
Әсия Беркенова – Қазақстанның халық ақыны, «Құрмет» және III дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері.
Танымал айтыскер ақын Әсия Беркенова өмірден өтті. Қаралы хабарды Қостанай телеарнасының директоры Заңғар Санай әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
«Бұл фәниге келу бар да, кету бар. Жер бетінде қалмас ешкім мәңгілік», – деп жазған ол марқұмның жақындарына көңіл айтты.
Әсия Беркенова 1950 жылғы 22 сәуірде Қостанай облысы Әулиекөл ауданына қарасты Сұлукөл ауылында дүниеге келген.
Ол 1982–1983 жылдары Қостанай облысында өткен айтыстарда топ жарып, 1984 жылы Алматыда Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық айтыста бірінші орынға ие болды.Ақын халықаралық деңгейдегі сөз сайыстарына да қатысты.
Атап айтқанда, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Ресей және Қазақстан ақындары қатысқан халықаралық айтыстың жүлдегері атанды.
Әсия Беркенова – Қазақстанның халық ақыны, «Құрмет» және III дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері. Ол ұлттық айтыс өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан сөз шебері ретінде танылды.