Қазақтың «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешева 74 жасқа толды

Ақпан 25, 2025 - 11:39
Ақпан 25, 2025 - 11:43
Қазақтың «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешева 74 жасқа толды
Фото: ашық дереккөз

Бүгін – қазақ театр және кино өнерінің жарық жұлдыздарының бірі, Қазақ КСР Еңбек сіңірген артисі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Құрмет және Парасат ордендерінің, Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттік степендиясының иегері Меруерт Өтекешова 74 жасқа толды, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Меруерт Өтекешова есімі қазақ киносының алтын қорына енген «Қыз Жібек» фильміндегі басты рөлімен халық жадында мәңгі сақталды. Оның нәзіктігі мен сұлулығы, актерлік шеберлігі арқылы сомдаған Қыз Жібек образы қазақ халқының махаббат символына айналды.

1951 жылы Орал қаласында дүниеге келген әртіс бұл күндері Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1978), Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі (1982), «Жігер» фестивалінің лауреаты (1982), «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001) медалінің, «Құрмет» (2008), «Парасат» (2017) орденінің, Қазақстан театрлар ассоциациясы «Сахнагер – 2017» ұлттық театр сыйлығы «Сахналық ғұмыр» номинациясы мен ҚР мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияның иегері (2017-2018) атанған.

Ол Алматыдағы 66-мектепті 1968 жылы тәмамдап, сол жылы «Қыз Жібек» кинофильмінде Жібектің рөлін сомдау арқылы, кино әлеміне аяқ басқан. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін 1973 жылы тәмамдап, қызмет жолын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында бастаған.

Театр сахнасындағы алғашқы рөлі Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» спектакліндегі - Әлиман, Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзінде» - Қарагөздің, «Еңлік-Кебекте» - Еңліктің, Тахауи Ахтановтың «Жоғалған досында» - Ғайнидің, Дулат Исабековтің «Әпкесінде» - Гауһардың, Әлжаппар Әбішевтің «Кәусарында» - Кәусардың, Асқар Сүлейменовтің «Жетінші палатасында» - медбикенің, Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» - Бәтестің анасын, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесінде» - депутат Күләштің, Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Ескі үймен қоштасуында» ананың рөлін сомдаған.

1970 - 2014 жылдар аралығында «Казақфильм», «Қырғызфильм» және «Мосфильм» студиялары түсірген біршама фильмде ойнаған. Бұл қатарда «Қыз Жібек» (1970), «Ғани Мұратбаев», «Ұлдың оралуы» (1977), «Қосымша сұрақтар» (1978), «Тентек балалар» (1980), «Аждаһа жылы» (1981), «Өрнек» (1982), «Өтелмеген парыз» (1983), «Жауын», «Ақ бақсы» (1982), «Шоқан Уәлиханов» (1983), «Махамбет» (2008), «Арман қала» (2009), «Секіріс», «Жаным 2» сериалы (2011-2012), «Кемпір» (2014) туындыларын айтуға болады.

Ол тек кино әлемінде ғана емес, театр сахнасында да өзінің қайталанбас рөлдерімен көрермен жүрегінен орын тапты. Меруерт Өтекешова ұзақ жылдар бойы театр сахнасында өнер көрсетіп, ұлттық мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Марқұм жұбайы, белгілі актер Құман Тастанбековпен бірге қазақ киносының ең сұлу әрі шынайы жұптарының біріне айналды. Олардың өнердегі және өмірдегі жарасымды махаббаты көрермендер үшін адалдық пен сүйіспеншіліктің үлгісі болды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow