«Кіру төлемдерін» талап еткен: танымал кинотеатр желісінде заң бұзушылықтар анықталды
Алматыдағы Kinopark – Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісінде заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды sadaq.kz бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, отандық киноөндірушілерге міндетті түрде жарнама бюджетiн төлеу талабы қойылған.
"Ал аталмыш төлем жасалмаған жағдайда фильмдер кинотеатрларда көрсетілімге жіберілмеген. Мұндай талаптар бәсекелестікті шектеп, нарық субъектілерінің заңды құқықтарын бұзған, киноөндірушілердің кинопрокат нарығына кіруіне кедергілер жасап, отандық кинематографияның дамуын тежеген", - дейді агенттік мамандары.
Осыдан кейін Kinopark – Kinoplexx Theatres компаниясына ескерту хат жіберілді. Хабарламаны қарау нәтижесінде анықталған бұзушылықтар жойылды.
Атап айтқанда, міндетті жарнамалық шығындарды жүктеу тәжірибесі тоқтатылып, фильмдерді прокатқа шығару үшін талап етілген "кіру төлемдері" тоқтатылды. Бұдан бөлек, қазіргі кезде фильмдерді релиздер кестесіне енгізу, сеанстар кестесін өзгерту, фильмдердің прокатта болу мерзімдерін мен көрсетілімнен алу шарттарының бірыңғай тәртібін белгілейтін жария регламент әзірленіп жатыр.
Соның нәтижесінде нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдайлар жасалады. Ал кинопрокат рәсімдерінің ашықтығы артады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0