Құлыбаевқа қастандық жасады деп айыпталған Головкиннің бұрынғы бапкері бостандыққа шықты

Тамыз 7, 2025 - 17:28
Құлыбаевқа қастандық жасады деп айыпталған Головкиннің бұрынғы бапкері бостандыққа шықты
Фото: nege.kz

Қатаң режимдегі Заречный түрмесінен Серік Қалиев 22 жылдан кейін бостандыққа шықты, деп хабарлайдыsadaq.kz сайты orda.kz-ке сілтеме жасап.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, танымал боксшылар Геннадий Головкин, Серік Сәпиев пен Василий Жировтың бұрынғы бапкері 2004 жылы Асқар Құлыбаевқа қастандық жасамақ болды деген айыппен 25 жылға сотталған еді. Қалиев өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Оның адвокаты Айман Омарованың айтуынша, сот шешімі даулы, ал процесте көптеген күмәнді тұстар болған.

«Ол 22 жыл бойы ұлын, немерелерін көре алмай, ауыр сынақтан өтті. Түрмеде С гепатитіне шалдықты, созылмалы аурулары асқынып, азапталған. Соған қарамастан, жазасын жеңілдету әрекеттері нәтиже бермеді», – дейді Омарова.

Қалиевтің ісі қоғамда үлкен резонанс тудырған. Оны 2004 жылы Алматы орталығындағы жарылысқа қатысы бар деп ұстаған. Тергеу материалдарына сәйкес, жарылыс кезінде оқиға орнында болған Михаил Нартов қайтыс болғанға дейін тапсырыс берушілер ретінде Қалиев пен оның жүргізушісін атағаны айтылған. 

Нысана — сол кездегі Бокс федерациясының президенті, Елбасының құдасы Асқар Құлыбаев еді. 2005 жылы Қалиев пен Песков кісі өлтіру, қастандық, бопсалау және заңсыз қару сақтау бойынша айыпталып, 25 жылға сотталды. Кейін бұл мерзім 22 жылға қысқартылған.

Жазасын Степногорск пен Атбасарда өтеген Қалиев бірнеше ай бұрын Алматы облысына ауыстырылған. Оған шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрап, он рет өтініш бергенімен, сот бәрін кері қайтарған. «Серік өзін «тозақтан қайтып келгендей» сезінеді», – дейді адвокаты. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow