Ұлттық ұланның сарбазын ұрған Лондон Олимпиадасының жүлдегері үш жылға сотталып кетті
Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға үкім шықты, деп хабарлайды sadaq.Kz.
Спортшыға Қылмыстық кодекстің 380-бабы 4-бөлігі 1-тармағы "Екi немесе одан көп адамға қатысты жасалған билік өкілін қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері" бойынша айып тағылды.
15 желтоқсанда сот Дәулет Шабанбайды кінәлі деп тапты. Оған үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот талқылауы барысында биыл қыркүйекте ер адамның мас күйде Ұлттық ұланның үш әскери қызметшісіне шабуыл жасағаны белгілі болды. Әскери қызметшілер кешкі уақытта ер адамды тоқтатып, шағым түсуіне байланысты ескерту жасаған.
Осыдан кейін жанжал туындаған. Спортшы әскери қызметшілердің бірін итеріп жіберіп, аяғымен тепкен, кейін жасақ басшысын бетінен ұрып, одан соң үшінші сарбаздың көзінен ұрған.
Еске салайық, бұған дейін Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбай сот алдында жауап беріп жатқаны хабарланды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0