Мәжіліс залында қамауға алынған бас прокурор түрмеде қайтыс болды

Түркіменстанның бұрынғы бас прокуроры Құрбанбибі Атаджанова 78 жасында Дашоғыздағы әйелдер колониясында қайтыс болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Атаджанова 1997-2006 жылдары елдің бас прокуроры қызметін атқарған. Ол прокуратураны басқарған жылдары қадағалау органын жазалаушы жүйеге айналдырған.
Fergana агенттігінің мәліметінше, 2006 жылы сәуірде министрлер кабинетінің отырысында тұтқындалған Атаджанова жемқорлық қылмыстары үшін айыпталып, барлық атақтарынан және мемлекеттік марапаттарынан айырылды.
Арнайы операция кезінде оның 13 үйі, зауыттары, автопаркі мен миллиондаған доллары тәркіленді. Сол жылы желтоқсанда ол қызымен бірге Дашоғыз әйелдер колониясына жіберілді.
Ол дәл осы түрмені бас прокурор кезінде тексеріп, жағдайын «курортқа тең» деп сипаттаған болатын. Алайда халықаралық ұйымдардың деректеріне сүйенсек, колония қатаң тәртіппен, азаптаулар мен мәжбүрлі еңбекке толы мекеме болып саналады. Бүгінде онда екі мыңнан астам әйел қамауда отыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?






