«Миына ота жасалды»: Астанада басына кондиционер құлаған фельдшердің жағдайы ауыр (ВИДЕО)

Қараша 10, 2025 - 17:06
«Миына ота жасалды»: Астанада басына кондиционер құлаған фельдшердің жағдайы ауыр (ВИДЕО)
Фото: instagram@zeineladilet

8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан тұрғын үйдің кірпіш қасбеті мен кондиционері құлап, бес адам зардап шекті. Олардың арасында жедел жәрдем қызметінің екі фельдшері бар. Ауыр жарақат алған медицина қызметкері — 23 жастағы Ұлдана Мырзуананың жұбайы Төтенше жағдайлар қызметінің оқиға орнында әрекетсіз болғанын мәлімдеді. Алайда бұл деректі ведомство жоққа шығарды, деп хабарлайды sadaq.kz.

Зардап шеккен Ұлдананың күйеуі, дәрігер Әділет Зейнелдің айтуынша, әйелі Байқоңыр аудандық жедел жәрдем стансасында жұмыс істейді және сол күні қызмет бабымен апат орнына барған.

«Оқиға дүкеннен үйге өтетін өткелде болған. Сол жерден адамдар өтіп бара жатқанда, ғимараттың қасбетіндегі кірпіштер үстілеріне құлапты. Біздің бригада 10:38-де жетті, 10:45-те өрт сөндірушілер, ал 10:50-де Төтенше жағдайлар қызметі келді. Куәгерлердің айтуынша, ТЖ қызметкерлері ешқандай әрекет жасамаған. Әйелім алғашқы зардап шеккен адамды шығарып үлгерген, алайда екінші адамға көмек көрсетпек болған сәтте үстіне кондиционер құлап кеткен», – деді Әділет Зейнел.

Ұлдана ауыр жарақат алып, есінен танып қалған. Дәрігерлер оған жабық бас сүйек-ми жарақаты диагнозын қойып, басына трепанация жасап, миындағы гематоманы алып тастаған.

«10:42-де әйелімді жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізген. Өзім де дәрігер болғандықтан, оны қабылдап алдым. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Кейін реанимацияда ота жасап, миындағы шамамен 2,5 литрдей гематоманы алып, қан кетуді тоқтаттық. Бас сүйегіне операция жасалып, мидың пульсациясы қалпына келтірілді. Ота сәтті өтті, бірақ жағдайы ауыр», – деді ол.

Әділеттің сөзінше, жедел жәрдем бригадасы өз міндетін дұрыс атқарған, ал сұрақ полиция мен ТЖ қызметкерлеріне бағытталған.

«Кешке арыз жазуға бардық, бірақ Ішкі істер департаменті қабылдаудан бас тартты. Кейін бұл жағдай өндірістік жарақат ретінде рәсімделді. Артынан видеоүндеуімнен кейін әлеуметтік желіде түрлі пікірлер жазыла бастады», – деді ол.

Ал Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бұл айыптауларды жоққа шығарып, «ТЖ қызметі оқиға орнына бармады деген ақпарат шындыққа сай емес» деп мәлімдеді.

Әділет Зейнел болса, ТЖ қызметкерлерінің әрекетсіздігіне күйінетінін айтады. Оның сөзінше, зардап шеккен әйеліне көмекті төтенше жағдай мамандары емес, өтіп бара жатқан қарапайым азаматтар көрсеткен.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Уже не холостой реабилитолог (@zeineladilet)

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow