Миллиондаған салықтан қашқан блогерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мен қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов блогерлердің миллиондаған салық қарызына қатысты жағдайға пікір білдірді.
Азамат Әмриннің айтуынша, салық органдарының назарын аударған блогерлер кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.
«Жалпы ережелер бар, олар барлығына бірдей қолданылады. Егер кәсіпкер жылына 12 ЕТЖ-ден (ең төменгі жалақы) көп табыс алса, онда ол міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеуі керек. Кәсіпкерлік кодексінде нақты ережелер көрсетілген, егер жеке тұлға жылына 12 ЕТЖ-ден көп табыс тапса, осы шекті мөлшерден асқан сәттен бастап салық төлеу міндеттемесі туындайды», – деді Әмрин.
Жеңіс Елемесов салық төлеуден жалтарғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Өте үлкен сандар айтылып жатыр. Біз қылмыстық істі тек уәкілетті орган тиісті тексеру жүргізіп, мемлекетке келтірілген нақты залал мөлшерін көрсететін акт немесе қорытынды ұсынғаннан кейін ғана тіркей аламыз», – деп түсіндірді Елемесов.
Сонымен қатар. Елемесов бұл істердің қылмыстық немесе әкімшілік болатынын нақты сомаларға байланысты екенін атап өтті.
Жуырда блогерлер мемлекеттік кірістер комитетінен салық бойынша көпмиллиондық қарыздары туралы «хаттарын» алды. Сомалар әртүрлі, бірақ ондаған миллион теңгемен есептеледі. Блогерлердің айтуынша, бұған дейін олармен ешкім байланыспаған және салықтық заңбұзушылықтың қашан және қалай пайда болғанын түсіндірмеген.
Салықтық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Дмитрий Казанцевтің пікірінше, салық қызметі блогерлердің жеке тұлға ретінде ашылған банк шоттарынан көшірмелер алған. Олардың жеке карталарына қанша ақша түскенін білген соң, мемлекеттік кірістер комитеті бұл табыстар мен тіркелген жеке кәсіпкер кірістері арасында сәйкессіздік анықтаған.
orda.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?






