Мұғалімі мен сыныптасына пышақ сұққан бала 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Қазір ол үй қамағына алынды.

Мамыр 22, 2024 - 17:46
Мамыр 22, 2024 - 17:50
Мұғалімі мен сыныптасына пышақ сұққан бала 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Естеріңізде болса, 13 мамыр күні Павлодар қаласындағы №14 мектептің 9-сынып оқушысы сабақ үстінде сыныптасы мен мұғаліміне пышақ жарақатын салған еді. Салдарынан жәбірленушілерге дәрігер көмегіне жүгінуге тура келді, деп хабарлайды Sadaqmedia.kz ақпарат порталы inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Кейін белгілі болғандай, пышақ салған бала психологтың көмегіне мұқтаж болған. Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков арнайы өткізген жиында айтқан еді. Біраз уақыт бұрын әлгі оқушы анасынан айырылған. Алайда мектеп басшылығы оның көмекке зәру екенін мүлде байқамаған.

Павлодар облыстық прокуратурасы жеткіншек үй қамағына алынғанын хабарлады. Облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы ҚР Қылмыстық Кодексі 24-бабы 3 бөлімі, 99-бабы 2 бөлімі 1), 14) пункті бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл баптар бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.

Айта кетейік, оқушы мен мұғалім иықтың жоғары жағынан жарақат алды. Екеуіне де медициналық көмек көрсетілген соң амбулаторлық жағдайда ем алуға жіберілді.

Жергілікті билік мұндай жағдайға жол берген Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы мен мектеп директорына қатысты тәртіптік шара қолданылатынын атап өтті. Ал №14 мектептің ата-аналар қауымы директорды қатаң жазаламауды сұрап, оның бұған дейінгі еңбегін еске салып, араша түсті. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow