«Өлім көрсеткіші 75%-ға дейін»: Үндістанда Нипах вирусы өршіді

Қаңтар 29, 2026 - 11:32
Қаңтар 29, 2026 - 11:32
 0  4
«Өлім көрсеткіші 75%-ға дейін»: Үндістанда Нипах вирусы өршіді
Фото: pixabay.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Үндістандағы қаңтар айындағы жағдайлардан кейін Нипах вирусының өлім көрсеткішін 40-тан 75 пайызға дейін бағалап отыр. ДДСҰ өкілі Тарик Жазаревичтің айтуынша, бұл көрсеткіш вирустың штаммына және жергілікті медицинаның деңгейіне байланысты. Мамандар бұл дерттің «эпидемиялық әлеуеті» жоғары екенін, бірақ оған қарсы әлі күнге дейін бірде-бір вакцина немесе арнайы ем жоқ екенін алға тартуда, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы жағдай бақылауға алынған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, еліміздің аумағында вирус жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Дегенмен, сақтық шаралары барынша күшейтілген.

«Туристік Қамқор» қорының дерегінше, қазіргі уақытта Үндістанда пакеттік турлармен 1 117 Қазақстан азаматы жүр. Бұл елге деген туристік ағын өте жоғары: тек 2025 жылдың өзінде Үндістанға 10 421 000 ұйымдасқан турист барған. Осыған байланысты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті (СЭБК) қазақстандықтарға Үндістанның, әсіресе Керала штатына барудан уақытша бас тартуды қатаң ұсынады.

Вирус адам ағзасына түскен соң небары 24-48 сағат ішінде науқасты комаға түсіріп, мидың қабынуына (энцефалит) әкелуі мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері байқалғанша 4 күннен 45 күнге дейін уақыт өтуі мүмкін, бұл оның өте жасырын әрі қауіпті екенін көрсетеді.

Инфекция негізінен жарқанаттар арқылы тарайды. Сондықтан мамандар жеміс-жидектерді жемес бұрын қабығынан тазартып, өте мұқият жууды, ал Үндістанда танымал пальма шырынын ішер алдында міндетті түрде қайнатуды сұрайды. Егер жеміс сыртында жарқанат тістеген іздер болса, оны бірден қоқысқа тастаған жөн.

Үндістан билігі қазіргі таңда вирустың таралуын тоқтату үшін күресуде, соңғы тіркелген жағдайлардың ішінде медицина қызметкерлері де бар, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0