«Өзін «Халық қаҺарманы» ретінде көрсеткісі келді»: Прокурор «Дикий Арман» ісі бойынша сөз қозғады

Қаңтар 27, 2025 - 17:33
«Өзін «Халық қаҺарманы» ретінде көрсеткісі келді»: Прокурор «Дикий Арман» ісі бойынша сөз қозғады
Фото: arman.zhumageldiev инстаграм парақшасынан

Бас көлік прокуратурасы Алматы облыстық көлік прокуратурасының аға прокуроры Мұхит Рысбеков "Дикий Арман" ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды sadaq.kz сайты Massaget.kz-ке сілтеп.

"Бүгін біз қылмыстық топтың жетекшісі Жұмагелдиев пен оның қылмыстық қауымдастық мүшелеріне қатысты қылмыстық істі қарауды аяқтадық. Сот істі бір жылдан астам уақыт бойы қарады. Осы уақыт аралығында Жұмагелдиев пен оның қорғаушылары өздерін сот және қоғам алдында "елінің патриоты", "қайғылы қаңтарда халыққа қол ұшын созған халық қаhармандары" ретінде көрсетуге тырысты. Жұмагелдиев пен оның қорғаушылары оны ақтау үшін ұйымдастырылған белсенді әрекеттеріне қарамастан, біз оның түпкі ниетін дәлелдей алдық. Біз сотқа Жұмагелдиевтің Қаңтар оқиғасына дейін, яғни 2016 жылы қылмыс әлемінің осындай өкілдері кіретін қаруланған банда құрып, басқарғанын дәлелдедік", - деді ол.

Аға прокурордың айтуынша, жаппай тәртіпсіздіктер - арнайы органдармен қылмыстық әлемнің жекелеген өкілдері алдын-ала нақты ұйымдастырған әрекет. 

"Жұмагелдиев бандасының мүшелері оның нұсқауы бойынша Республика алаңы мен Алматының өзге де аудандарында жаппай тәртіпсіздіктер жасап, бейбіт азаматтарды ұрлап, оларды ұрып-соғу арқылы күштеп ұстап, өз әрекеттерін ұялы телефон камераларына түсірген. Осы әрекетін іске асыру үшін Жұмагелдиев 2021 жылғы тамызда 10 дана қару тіркелген жалған күзет агенттігін сатып алған. Әрі қарай сол жылдың қазан айында қылмыстық топ мүшелері Жұмагелдиевтің нұсқауын орындай отырып, Алматы және Шымкентте сақталған тағы 12 атыс қаруын заңсыз сатып алған. Нәтижесінде осы қарулар көшедегі кездейсоқ азаматтарды ұрлау, ұрып-соғу кезінде қолданылған", - деді Мұхит Рысбеков.

Осы қарулардың бірі 2022 жылғы 7 қаңтарда Арман Жұмагелдиевті ұстаған сәтте тәркіленген.

"Ол өзін қанша жерден дәріптеуге тырысқанымен, тергеу оның сөздері мен іс-әрекеттері наразылық білдірушілерді басқаруға және оларды өз айналысына біріктіруге, халық кеңесі атынан билікке бірыңғай талаптарын қоюға бағытталғанын анықтады. Сотта зерделенген дәлелдемелер Жұмагелдиевтің іс-әрекетінің заңдылығы мен өзін асқақтату бөлігіндегі уәждерін толығымен жоққа шығарады. Атап айтқанда, оның кінәсі бейнежазбалармен, көптеген сот сараптамасының қорытындысымен, жәбірленушілер, куәлер берген айғақтармен, заттай айғақтармен, яғни тәркіленген қару арсеналымен расталды. Жұмагелдиев барлық сот отырысы барысында өзін азық-түлік жинауды ұйымдастырып, оларды өз атынан кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар мен штабы ұйымдастырылған қонақ үй қызметкерлеріне таратқан батыр ретінде көрсетуге тырысты. Іс жүзінде Жұмагелдиев "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылармен күресуші адам кейпін" танытты, алайда оның барлық әрекеті ұйымдастырылған қылмыстардың ізін жасыруға бағытталды", - деді ол.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow