«Псевдо-психолог, коучтардың кесірінен отбасылар ойран болып жатыр» - журналист

Сондай сұлу сөзге тойып алған танысымның әйелі жақында күйеуімен ажырасып кетті. Өмір-бақи үй шаруасы, бала тәрбиесімен отырған еді. Аяқ асты өзгеріп, мен тордағы тотықұс болмаймын, өз өмірімді сүремін деп кетіп қалыпты. Бала-шағасы аңырап, күйеуі күйіктен ішіп кетті.

Маусым 11, 2025 - 15:28
Маусым 11, 2025 - 16:08
«Псевдо-психолог, коучтардың кесірінен отбасылар ойран болып жатыр» - журналист
«Дүмше молда дін бұзар» дегенді мақалды бүгінгі заманға сай бейімдеп, «псевдо-психолог ел бұзар» десек қателеспейтін шығармыз. Қазір әлеуметтік желіде неше түрлі психологтың жарнамасы өріп жүр. Сондай сұлу сөзге тойып алған танысымның әйелі жақында күйеуімен ажырасып кетті. Өмір-бақи үй шаруасы, бала тәрбиесімен отырған еді. Аяқ асты өзгеріп, мен тордағы тотықұс болмаймын, өз өмірімді сүремін деп кетіп қалыпты. Бала-шағасы аңырап, күйеуі күйіктен ішіп кетті. Коучтің кесірінен бір отбасы ойран болды.
Биыл үйленгендерден ажырасқандар көп деген статистика шықты өткенде. Бәрі сол псевдо-психологтардың кесірі.
«Сенің бойыңда потенциал жетеді, бірақ оны толық аша алмай жүрсің» дейді. Немесе «Сен ерекше адамсың. Кейде өзіңе сенімсіздік болатыны рас, бірақ жалпы алғанда әділетті адамсың» деп жұтқызады.
Былай қарасаң, дәл өзімізге арнап айтылған секілді. Өйткені кім өзін ғаламдағы 8 миллиард адамның ең нашары деп сезінсін? Оның үстіне, әркім өзін әлдеқайда жоғары бағалайды. Іштей мүмкіндік болса, аспандағы айды алуға шамам жетеді деп ойлайды.
Қазір псевдо-психологтар қолданатын мұндай тәсілді Форер немесе Барнум эффекті деп атайды. Мұны әйгілі америкалық шоумен Финеас Барнумның құрметіне қойған. Кейінірек Бертрам Форер есімді психолог тәжірибе ретінде студенттерге әлгіндей мәтін беріп, жеке тұлғаны анықтайтын тест жасаған. Сауалнамаға қатысқан студенттердің 87 пайызы мәтіннің өзі туралы жазылғанын мойындапты.
Дәл қазір псевдо-психологтар дәл осы тәсілді шебер қолданып жүр. Жалпылама, бүкіл адамзатқа сай келетін, ешқандай тұрғыда дәлелденбейтін тіркестерді қарша боратады.
«Сенде бедное мышление бар. Содан құтылу керек». Бұл да таныс шығар. «Көп жұмыс істейсің, бірақ аз ақша табасың. Тәуекелге бармайсың, ақша үнемдейсің» деген жаттанды тіркестер жалғасып кете береді. Бұл да манипуляцияның бір тәсілі, Форер эффектінің айқын мысалы. Шындап келгенде, адамның табыс деңгейіне алған білімі, отбасындағы мүмкіндік әсер етеді. Қазақстан жағдайында қарастырсақ, жемқорлық факторлары ескерілмейді. Айта берсеңіз, мұндай мысал өте көп.
Қазақ қоғамына психолог керек. Оған талас жоқ. Бірақ өз ісін білетін, нақты ғылыми негізге сүйенетін психолог қажет. Ал қазір әлеуметтік желіде қаптап кеткен псевдо-психологтар, коучтар адамның жай-күйін емес, қалтасындағы ақшасын ойлайды. Сондықтан тренинг, онлайн психология курсын сатып алар кезде оны жүргізетін адамның біліміне, сөзіне мән беру қажет. Алда-жалда бір аптада (бір айда) өміріңді өзгертемін деген психолог не коуч көрсеңіз, тұра қашыңыз.
Адамға балық емес қармақ керек. Ал, алтын балық ұстап берем дегендерге мүлде жоламаңыз.

Диас Нұрақынның facebook парақшасынан

  

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow