Қазақстан жойғыш ұшақтарды көбірек сатып ала бастаған

Қыркүйек 25, 2024 - 10:40
Қыркүйек 25, 2024 - 10:53
Қазақстан жойғыш ұшақтарды көбірек сатып ала бастаған

Ресей мен Украина, Таяу Шығыстағы қақтығыстар, кей кезде бір-біріне сес көрсетіп отыратын Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея, Қытай мен Үндістан. Бұл қатарды түрлі оқиғаларды ескере отырып толтыра беруге болады, деп жазады inbusiness.kz.

Осылайша, жаһанның тынышы кеткен кезеңде "Қазақстанның әскери қауқары қай деңгейде, қандай қару-жараққа ие?" деген сауал мазаламай қоймайды.

Қару-жараққа бөлінген ақша азайған

Бірінші кезекте назар аудартар дүние – Орталық Азияның төрінде, Ресей мен Қытай секілді алып мемлекеттерге көрші болған Қазақстанның қару-жараққа келгенде ақша үнемдей бастағаны. Стокгольмдегі бейбітшілікті зерттеу институтының мәліметі бойынша, Қазақстанға жеткізілетін қару-жарақ импорты кейінгі 6 жыл ішінде 30 пайызға азайған екен.

Мысалы, 2012-2018 жылдар аралығында қару-жарақ сатып алуға 1,5 млрд доллар жұмсалса, 2018-2024 жылдар аралығында қаржы 900 млн долларды құраған.

Дегенмен салаға бөлінген қаржыны түгел қарастырар болсақ, яғни, қару-жарақ сатып алу, оқу-жаттығу, өндіріс, әскери білім беру мен медицинаны қоса есептесек, жұмсаған қаржы көбейген.

Жылдарға жекелей жіктесек, 2020 жылы Қазақстанның қорғаныс саласының бюджеті 534 миллиард теңге болса, 2021 жылы – 617,6 млрд теңге, 2022 жылы – 872 млрд теңге, 2023 жылы 931 млрд теңгеге жеткен. Ал биылғы көрсеткіш 972 млрд теңгені құрап, тағы өсім байқалып отыр.

Әрине, қару-жарақ сатып алуға бөлінген ақшаның неге азайғаны белгісіз. Бәлкім Қазақстан импортта тек Ресейге иек артуын доғара бастады немесе басқа да астыртын себептер бар. Дегенмен геосаяси жағдайлар ушыққалы әлем елдері қару-жарақ импортын арттырып жатқанда, еліміздің керісінше азайтуын қалай түсінуге болады.

Мысалы, Еуропа елдерінде импортты ұлғайтудың орташа көрсеткіші 97 пайызды құрады. Чехия мен Словения 6 жыл ішінде техника сатып алуды тіпті 30 есеге арттырған.

Бұл тұста еліміз қай елдерден қандай қару сатып алған деген сауал туады. Қазақстан 2015 жылы Қытайдың 3 дана Wing-Loong 2 дроны мен "әуе-жер" класты Blue-Arrow 7 зымыранын, 2 дана C-295 әуе көлік ұшағын, сондай-ақ 8 Су-30МК жойғыш ұшағын және 4 Ми-35М тікұшағын сатып алыпты. Бір қызығы, елдегі қорғаныс саласының мамандары 2000 жылдан 2023 жылға дейін сатып алуда жойғыш ұшақтар мен тікұшақтарға көбірек жұмсаған, қалған бөлімдер елеусіз.

Негізі ел армиясындағы қарулар негізінде кеңес кезінен қалған немесе ресейлік болып шығады. Жоғарыда аталғандарға қоса, Израильден жеткізілген мина атқыштар (18 бірлік), АБЖ (6) және РСЗО (18) бар. 138 отандық "Арлан" броньды автокөлігі бар.

Шынында қорғаныс өнеркәсібі кешенінің өндірістік қуаты Ресейге тәуелді, әскери техниканы жөндеу, қызмет көрсетуі де бұл қатарда бар. Әйтеуір Қорғаныс министрлігі биыл еліміз 500 қару сатып алғанын және 50 қаруды модернизациядан өткізгені туралы ақпараттарды берді.

Қазақстанда TUSAŞ түрік компаниясымен бірге TAI Anka ауыр ҰҰА шығарылатыны жарияланған. Болашақ аппараттардың бір бөлігі экспортқа шығады деп болжанды. Сондай-ақ әуе-ғарыштық, әскери және теңiздегі техниканың ақпараттық жүйелерiн өндiретiн француздық Thales те елімізде бар. Бірақ кәсіпорын қызметі туралы егжей-тегжейлі ақпарат жарияланбаған.

Қандай қарулар жетіспейді

Енді не істемек керек? Қару-жарақ өндірісі аз уақыт аралығында дамып кете қоятын сала емес. Ғылымның, білікті мамандардың еңбегінің жемісін ұзақ жылдар күтуге тура келеді. Бұл жағдайда Қазақстанға бір-ақ жол – қару-жарақ импортын арттыру қалады. Алайда қаруды да іріктеп алған абзал, әйтпесе солтүстіктегі көршінің техникасы майдан даласында осал болып шығып жатқаны дәлелденуде.

Белгілі әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовтың айтуынша, қазір Қазақстанның қорғаныс саласына өте терең реформа қажет.

– Қазір елдің Қарулы күштері көптеген оқу-жаттығудан өтіп, жұмыстар жүргізіп жатыр, еңбегін жоққа шығармаймыз. Алайда оның бәрі жаңа соғыстың талаптарына сай келмейді. Қазіргі майдандардың сипаттамасы, әдіс-айласы, мінезі де мүлде басқа. Қазақстанға қару-жарақ импортын арттырып, соның ішінде қанатты зымырандарды көптеп алдырту қажет деп есептеймін, – дейді сарапшы.

Негізі қорғаныс саласына келгенде ең үлкен екі мәселе айтылады. Біріншісі, заманауи қару-жарақ пен әскери техникаға мұқтаждық. Қазір әскерде дрондар ғана емес, дәлдiгi жоғары артиллериялық снарядтар, радиоэлектрондық күрес жүйелерi, оларға қарсы тосқауыл құралдары міндетті түрде болуға тиіс. Ал бұл тұрғыда еліміздің инновациялық деңгейі жақсы көрсеткіште емес. Ескірген қару-жарақ пен әскери техниканы өндіру мүлде тиімсіз, сөйте тұра армия әлі оны қолданып келеді.

Екінші ауқымды проблема – экспорт. Әрине, мұны айтудың өзі жөнсіз шығар. Бірақ көңіл бөлуді қажет етеді. Әскер саны аз, қауіпсіздікті толық қамтамасыз ете алмайды, мұндай жағдайда қару-жарақ базасына, оны өндіруге және экспорттауға басымдық берілгені абзал.

Стокгольмдегі бейбітшілікті зерттеу институтының мәліметі бойынша, қару-жарақ нарығын 66 елдiң компаниялары жайлаған. Алғашқы бесеуі – АҚШ, Франция, Ресей, Қытай және Германия, бүкіл әлемдік экспорттың 75,4 пайызын алып отыр. Қалған 60-тан астам ел 25 пайызға жетпейтін межені жабыла толтырып отыр. Ал бұндай жағдайда Қазақстанның қару-жарақ өндірісінен көп дүние күте алмайтынымыз айқындалады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow